Bugin

"Шетелдіктер баланы тірілей донор қылу үшін асырап алады". Экс-министр өз шындығын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: "Адал адам" YouTube арнасындағы видеодан скриншот

Шетелдіктер баланы тірілей донор қылу үшін асырап алатыны рас па? Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор, экс-министр Жақсылық Досқалиев “Адал адам” YouTube арнасында айтып берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

“Балаларды, әсіресе, шетелдіктер асырап алып жатады. Неге? Себебін айтайық, көптеген елде бала асырап алғандарға салықтық жеңілдіктер жасалынады. Ет жүрегі езілгеннен асырап алды деп айта алмаймыз. Өз есептері бар. Шын жүрегімен осы қадамға барып жатқандары бар. Олар жайлы әңгіме айтпаймыз. Екінші, трансплатация үшін дейді. “Бармысың, бауырым” бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Досжан “шетелге тірі донор ретінде сатылған болуы мүмкін” дейді. Аружан Саин да балаларды шетелге сататын жасырын бір арналар бар дегенді айтып қалды” деген журналистің сұрағына экс-министр жауап берді.

Оның айтуынша, шетелдіктер балаларды донор қылу үшін асырап алуы мүмкін емес.

“Аружанның (Аружан Сайин – ред.)  не айтқанын, Досжанның (Қымбат Досжан – ред.) не айтқанын білмеймін. Оның бәрі қауесет. Мен баланы нақты алған адамдардың үйінде, Америкада, болғанмын. Олар мүгедек балаларды алған. Әрі қарай операция жасатып, шетелдегі мықты орталықтарда емдетіп отырғанын өз көзіммен көрдім. Оларды асырап алған соң балалар консулдық есепте тұрады. Ай сайын емес шығар, үш айда бір рет ақпарат беріп отырады. Ол балалар Америкаға барсын, басқа шетелге барсын, Қазақстан азаматы екені жойылмайды. 18-ге шейін ол Қазақстан азаматы болып тұрады. 18-ге, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қазақстандық бола ма, әлде басқа елдің азаматы бола ма, оны өзі шешеді. Сондықтан мына азаматтардың айтып отырған “тірідей донор қылып алады екен, сөйтеді екен, бүйтеді екен” деген информация менде жоқ. Болуы да мүмкін емес”, - дейді Досқалиев.

Профессор кімдерді ана деп санамайтынын да атап айтты.

“Енді әртүрлі жағдайлар да болатын шығар. Шарананы сатып жатқан аналарды білесіз ғой? Ондай аналар да бар. Жоқ емес қой?! Ұсталынып жатыр. Оларды ана деп санамаймын. Өзінің балаларын тірі тұрып, балалар үйіне тапсырып кеткен адамдарды ата-ана деп санамаймын”, - дейді маман.