Bugin

"Көкірегімді ұстады". Астанада ұстазы студентіне оғаш қылық істеген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: ktk.kz

Астана медициналық университетінің төртінші курс студенті профессордан жыныстық қысым көріп, "оқу орнында жүріп-тұруым мұң болды" дейді. Ұстазынан жәбір көрген бойжеткен өзіне, отбасына буллинг жасалып жатқанын айтып, көмек сұрауда, деп хабарлайды Bugin.kz порталы KTK телеарнасына сілтеме жасап. 

Астана медицина университетінің 4-курс студенті Аида Жампейісованы ұстазы емтиханды қайта тапсыруға шақырып, сол күні-ақ ерекше ізет білдірген. Аудиторияға кірген мұғалім есікті құлыптап, терезені жапқан соң студенттен жейдесін көтеруді сұраған. "Жәбірлендім" деген Аиданың айтуынша, тәжірибелі профессор одан төстартқышын көтеруді сұрап, жүрек қағысын тыңдамақ болған:

"Есік пен терезе жабық болған соң қорыққанымнан айтқанын бұлжытпай орындадым. Сосын көгірегімді ұстай бастады. Бір орында бір минутқа жуық қатып қалғанымды ғана білемін. Ағайға "қорқып тұрмын" дедім. Ол маған: "Неге қорқасың? Мен бар болғаны денсаулығыңды тексеріп жатырмын" деп айтты, - дейді бойжеткен.

Студенттің айтқанына өзге мұғалімдері де сенбей, істі жылы жабуға тырысқан. Алайда студенттің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасынан кейін оның мәселелері одан сайын көбейген. "Буллингтің астында қалдым" деген Аида университет қабырғасындағы ұстаздары студентке сенбей, әріптесінің сөзіне ерген. Осылайша, жас қыздың ата-анасы мен жекебасына жағымсыз пікірлер тоқтамай жазылып,университет қабырғасындағы өмірі де қиындаған көрінеді. 

Сондай-ақ Аидадан бөлек тағы үш студент қыз дәл осы мұғалімнен сексуалдық жәбір көргенін айтып, полицияға арызданған екен. Қазір мән-жайды полиция анықтап жатыр.