Bugin

“Ерте тұрмыс құрмау керек”: қазақ қыздарының білім алуына жол ашқан зиялылар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: фотоколлаж bugin.kz 

Әйел құқығы мен теңдігі ертеден бері жиі көтеріліп жүр. Бүгінде де қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі талқыланып, құқығын қорғау жағдайларының дауы әлі таусылмаған. Ал XIX-XX ғасырларда қыз баланың құқығы тапталғанда әйел теңдігі мәселесін көтерген алғашқы “феминисттер” кім болған? 

Қазақ тарихында әйелдердің білім алу құқығын жақтаған алғашқы адам Абай болды. Ол 1886 жылы әзірлеуге қатысқан "Ереже" заңдарының жиынтығында әйелге оқуға мүмкіндік беретін нормалар жазылды. Сондай-ақ бұл заңда әйелдің өзі қаламайтын некеден бас тарту мәселесі де қамтылған.

Ал Ыбырай Алтынсарин 1887 жылы Ырғызда қазақ даласындағы қыздарға арналған тұңғыш мектепті ашты.

Міржақып Дулатұлы “Бақытсыз Жамал”, Сұлтанмахмұт Торайғыров “Қамар сұлу”, Сәбит Мұқанов “Ботакөз”, Бейімбет Майлин “Шұғаның белгісі”, Мұхтар Әуезов “Қорғансыздың күні” шығармаларында сол замандағы әйел теңсіздігін ашық көрсетті.

Әлихан Бөкейхан "Қазақ" газетінде жарияланған “Мұсылман сиезі” мақаласында қыздың тұрмысқа ерте шыққанын сынаған. 13 жаста қыздың күйеуге тиюі үлкен зиян, адам баласы өсіп жетілмейді, бала көтеруге жарамайды. Бұл жаста ақыл тола ма? 13-тегі бала не шаруа басқарады, законда неке шарты 16 жас болсын деді” деп жазады.

Мағжан Жұмабаев  Шын сорлы, Жас келін, Әйел секілді өлеңдері арқылы әйелдерге білім беруге шақырған.

Жаһанша Досмұхамедов пен Әлихан Бөкейхан барлық өткізілген съездерде әйелдердің қазақ қоғамындағы жағдайы туралы мәселені күн тәртібіне шығаруға бастамашы болды.

Заңгер Жақып Ақпаев әйел құқығы тақырыбына өзінің “Наброски по обычному, в частности, брачному праву киргизов” мақаласын арнады. Мақалада қазақ қоғамындағы неке қию және бұзу тәртібіне ерекше назар аударады және некеге қатысты кейбір мәселелерді құқықтық тұрғыдан қарастырады. Ол мақалада "ажырасу кезінде басым күшке ие тұлға ол - ер адам, ол кез келген уақытта әйелінен кете алады" деп атап өтті.

Ал сіз әйел мүддесі үшін күрескен Алаш арыстарының мақсаты орындалды деп ойлайсыз ба?
 

Мақала авторы: Бану Әбдіғалиева