БІЛІМ

"Бесқонақ" пен "Құралай желі" қай мезгілде болады?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: kerey.kz 

Ата-бабамыз табиғат құбылыстарын бақылай отырып, ауа райын болжай білген. Bugin.kz порталы жыл сайын көктемде болатын құбылыстың бірі "Бесқонақ" және "Құралай желі" туралы мәліметтер ұсынады.

Сәуірдің алғашқы күндерінде "бесқонақ" болады. Бұл кезде күн күрт суытып, жаңбыр жауады. Тіпті, боран тұрып, қар жаууы да ғажап емес. Қазақ қыс пен көктем өзара тоғысатын осы уақытта алыс сапарға, жолға шықпайды.

Ал осынау құбылыстың атауы қайдан шыққанына тоқталайық. Ертеде 5 адам сапарға шығады. Жолда ауа райы күрт бұзылады. Күшті бораннан астындағы аттары өліп, өздері әрең аман қалған екен. "Бесқонақ" құбылысы осы оқиғадан кейін қалған деседі.

"Бесқонақ" өткен соң, мамырдың ортасынан соңына дейін 2-3 күнге ғана соғатын қатты желді "Құралай салқыны" немесе "Құралай желі" деп атайды. Бұл кезеңде көбінесе адамға да, малға да жайсыз қара суық, ызғырық жел еседі не жауын-шашынды болады. Осы кезде киіктің төлі құралай аяқтанады. Құралай суыққа шыдамай, тез тұрып кетеді екен. Жаңа босанған еліктердің кіндігі бірден жазылып кетуі үшін шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болады екен. 

Киелі жануар екі-үш күн төлдейді. Бір қызығы, киік қанша көп болса да, "құралай салқыны" кезінде төлдеп үлгереді екен. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Осы тұста қасқырлардың тәбеті жоғалып, апанында жатады. 

Тағы бір қызығы, жаңа туған құралайды түйетабан өсімдігі жапырақтарымен қырағы бүркіттерден жасырып тұрады екен.

 

                                     Материал авторы: Бану Әбдіғалиева