ТӘРБИЕ
Фото: Bugin.kz/ Ғайнижамал Арыстанбек
Бүгін, 23 сәуір – аңыз партизан Қасым Қайсеновтың туған күні. Халық қаһарманы, жазушы, атақты партизанның өмір жолы туралы Bugin.kz тілшісі деректер ұсынады.
Қазақстан және шетел жаңалықтарын бірінші болып біздің Telegram арнамыздан оқыңыз!
- Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу-Бұлақ ауылында дүниеге келген. Оның ата-анасы 13 балалы болған, тек 8 баласы аман-есен ер жеткен.
- Қайсенов сұхбатында "23 сәуір туған күнім емес" деп айтқан. Ата-анасы сауатты кісілер болса да, баласының дүниеге келген күніне мән бермеген. Даңқты партизан 23 сәуір күнін үлкен өмірге жол ашқан күн ретінде жадында қалдырған. Оның қай күні дүниеге келгені – жұмбақ.
- Қайсенов 1940 жылы әскерге аттанып, 1941 жылы майдан даласына тап болған. Ол 1943 жылға дейін барлаушы отрядтың командирі болған.
- Аңыз партизан әр күнін олжа деп бағалады. Сұхбаттарында қан майданда алғашқы қадамнан-ақ кеудесін оққа тосып, мерт болғандар туралы еске алған. Өзі ол туралы «ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын» деп айтады.
- Майданда Вася лақап атымен жүрген. Украинаның Карпат тауына десантпен түсірілген. Алпыс адамнан тек жеті адам тірі қалады. Қайсенов – солардың бірі. Карпатта осы отрядқа арналған ескерткіш бар.
- Барлаушы болғандықтан майданда жалған құжатпен жүрген. Жау тылына түскен жағдайда жеке деректері сақталу үшін осындай әрекетке барған.
- Соғыс аяқталған кезде Украинада алып қалмақ болған жерінен Жұмағали Саин елге келуге үгіттеген. Қайсеновке ағалық қамқорлық көрсетіп, жазуға үгіттеген де Жұмағали Саин еді. Партизан осылайша жазушылық қырын ұштады. Ол қазақ әдебиетіне партизан тақырыбын әкеп, 30-ға жуық кітап жазып қалдырды.
- Қайсенов 120 адамның ішінде тірі қалған 20 адамның бірі болды. Днепр үшін шайқаста Ұлы Букринский плацдармын дайындаудағы Қасым Қайсеновтің ерлігі елеусіз қалған. Басқа отрядтың командирі А.В. Тканко Қайсеновті өлді деп есептеп, "ерлігі" туралы баяндап, Кеңес Одағының Батыры атағын алады.
- Қасым Қайсеновтың тағы бір ұмытылмас ерлігі - "Белая Таня" концлагерінде болған 700-ге жуық тұтқынды босатуы.
- 1995 жылы 9 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Н.Ә. Назарбаев Қасым Қайсеновке еліміздегі ең жоғары награда – "Халық қаһарманы" атағы берілді.