ҚОҒАМ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
Өндірісте немесе атом станцияларында ядролық және радиологиялық қаруды қолданғанда радиациялық апаттар болды. Осы апаттан табиғатқа үлкен зиян келді, адамдарға кері әсері тиді, қаншама адам өмірден өтті. 26 сәуір- радиацилық апаттан қаза тапқандар күні. Bugin.kz тілшісі әлемде радиациялық апаттан қаза болғандар туралы деректер ұсынады.
Чернобыль. 1986 жылдың сәуір айында Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында ірі апат болды. Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы өте жоғары мөлшерде радиоактивті ластануға ұшырады. Одан бөлек, радиоактивті түтін 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады, 5 миллионға жуық халық зардап шекті.
Апаттың қауіптілігінен әлемде жүктілікті тоқтату 50 мыңға жетті. Польша, Австрия, Германия және Ұлыбритания қатты дүрлікті.
Апат болған жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылды. ЧАЭС-та болған апатты жою мақсатында Кеңес Одағына кірген барлық мемлекеттен 600 мыңнан аса азамат көмекке тартылды. Апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да үлес қосты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады.
2003 жылдың қыркүйек айында ТМД саммитінде Украинаның сол кездегі президенті Леонид Кучма Достастық елдеріне сәуірдің 26-сын Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні деп жариялауды ұсынды. ТМД Мемлекет басшыларының кеңесі бұл ұсынысты бірауыздан қабылдады.
Фукусима-1. Атом станициясындағы ең ірі апаттардың тағы бірі Жапонияда болды. Жапонияда 2011 жылы қатты жер сілкінген соң, Фукусима-1 АЭС-інде радиациялық апат болды. Апаттың негізгі себебі электр құралдары мен резервтегі дизель генераторларының істеу шығуы еді. Барлық жүйелерді жұмысқа жарамсыз болды.
Ресми мәліметтер бойынша, 2011 жылғы наурыздағы зілзала мен атом станциясындағы апат салдарынан Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауында 16 мыңға жуық адам қаза болып, 2,5 мыңнан аса адам хабарсыз кеткен.
Гояния. Ғалымдар Гояниядағы радиациялық ластануды "әлемде осыған дейін болған радиациялық оқиғалардың ішіндегі ең қатерлісі" деп атаған. Бразилиядағы Гояния қаласының медициналық ғылыми-зерттеу зертханасы жаңа ғимаратқа көшкен кезде жабдықтардың бір бөлігі ескі ғимаратта қалып қояды. Солардың арасында сәуле терапиясымен емдеу ісінде қолданылатын медициналық қондырғылар да қалып кетеді. 1987 жылы қоқыс жинаушылар оның кейбір бөлшектерін металл қабылдайтын орынға ақшаға өткізбек болады. Бірақ әлгі бөлшектердің кейбірі қараңғыда жарық шашатынын байқайды. Оның құрамында цезий-137 бар екенін білмеген адамдар әлгі бөлшектерді сол ауданда тұратын басқа адамдарға көрсетеді.
Салдарынан төрт адам радиациядан уланып дүние салып, мыңдаған адам зардап шегеді. Кейбір деректерде қаза болғандар саны 60 адам екені айтылады.
Невада. АҚШ-тың Невада ядролық полигонында АҚШ әскерилері тоғыз жүзден астам сынақ жасаған. Ол жерге жақын штаттарда тұратын халықтың жеген тамағы мен ішкен сүтінен радиоактив изотоптар табылған. Бірнеше жыл өткен соң, сол аймақтарда обырға шалдыққандар көбейді. 1950 жылдары жасалған жер бетіндегі ядролық сынақтар кезінде ластану деңгейі
жоғары болды. Юта штатының мормондар тұратын Сент-Жон деген шағын қаласы ядролық сынақ зардабын қатты тартқан.
Невада ядролық полигоны Лас-Вегас қаласынан 105 шақырым қашықтықта орналасқан. 1951 жылдан бастап, 1992 жылға дейін бұл жерде 928 ядролық сынақ өткізілді.
1956 жылы Сент-Жон маңында "Басқыншы" (The Conqueror) фильмін түсіруге қатысқан екі жүзден астам адамның жартысы обырға шалдыққан. Олардың қырық алтысы қайтыс болған, арасында фильмнің негізгі актерлары Жон Уэйн мен Сьюзан Хейуорд та бар.
Краматорск. 1970 жылдардың аяғында Донецк облысындағы Каранский карьерінде қиыршық тас өндіретін кәсіпорынның өлшеу құрылғысында пайдаланылған радиоактивті заты бар ампула жоғалып кетеді. Іздеу басталып, оның денсаулыққа өте қауіпті екені ескертілді. Бірақ іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталды.
1980 жылы Краматорск қаласында Гвардейцев-Кантемировцев көшесіндегі №7 панельдік үй пайдалануға берілді. Сағатына 200 рентген сәуле шығаратын, өлшемі 8-4 мм ампула осы үйдің бір қабырғасында қоршалған болып шықты.
1981 жылы сол пәтерде 18 жастағы қыз, ал бір жылдан кейін оның 16 жастағы інісі, содан кейін олардың анасы қайтыс болды. Пәтерге тағы бір отбасы көшіп келіп, оның жасөспірім ұлы да көп ұзамай көз жұмған. Зардап шеккендердің барлығы лейкоздан қайтыс болды. Лейкоз – қан түзетін органдар жүйесінің қатерлі ісіктері. Ол радиация әсерінен дамиды.
Үй қабырғасының бір бөлігін кесіп алып, оны Киев ядролық зерттеулер институтына апарып, ампуланы алып тастайды. Содан соң үйдегі гамма-сәулелену жойылып, радиоактивтілік деңгейі фондық деңгейге ие болды.
Радиоактивті әсерден 9 жыл ішінде 4 бала мен 2 ересек адам қайтыс болды. Тағы 17 адам мүгедек болып қалған.