Bugin
Фото: Ерлан Қарин және жүргізәші Ерболат Мұхамеджан. "Уәде" бағдарламасынан.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Jibek Joly телеарнасындағы "Уәде" бағдарламасына сұхбат берді. Ол сұхбатта Елтаңбаны ауыстыруға қатысты пікірін білдірді,-деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі бағдарламаға сілтеме жасап.
Ерлан Қариннің айтуынша, Елтаңбаны өзгерту – Президенттің ұсынысы емес. Мемлекет басшысы өз сөзінде Елтаңбаны ауыстыруға қатысты әртүрлі пікірдің айтылатындығын, егер қажет болса, комиссия құрып талқылау қажет екенін айтқан.
Мемлекеттік кеңесші.
"Мемлекет басшысы Елтаңбаны міндетті түрде ауыстыру керек деген пікір айтқан жоқ. Өкінішке орай, көпшілігі мәлімдемені дұрыс қарамайды, оқымайды, тыңдамайды. Шын мәнісінде, Президент ол жерде "қоғамда кейбір азаматтың Елтаңбаға қатысты әртүрлі пікір айтып жүргенін, мәселеге қатысты ұстаным қалыптасса, онда ашық түрде талқылау"керектігі туралы пікір айтты", -деп айтты.
Ерлан Қариннің сөзінше, Елтаңбаны ауыстыру мәселесін қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдар, Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесі көтерген.Ол:
"Әлеуметтік желіден көріп жүрмін. "Барлық шаруа қалғандай, енді Мемлекеттік елтаңбаны ауыстыру мәселесімен айналысып жатыр" деген сынды пікірлер бар. Мұның бәрі жай сөз. Барлық мәселені ысырып қойып, Елтаңбаны ауыстыру мәселесімен айналысып жатқан ешкім жоқ. Атыраудағы құрылтай өткеннен бері біраз уақыт өтті. Ешқандай талқылау, жиын өтпеді. Арнайы шешім, құжат қабылданған жоқ. Пікірталас қалай жүріп жатыр, солай жүріп жатыр. Ол – тек қана пікір. Болды. Сондықтан да бұл билік тарапынан жасалып жатқан арнайы жұмыс емес. Бұл – қоғамдағы пікірталастың бір көрінісі ғана. Мәселен, Мемлекеттік кеңесшінің қызметін қарайтын болсаңыз, көптеген комиссияның жұмысын үйлестірумен айналысамын. Оның бірі – гералдика мәселесі. Егер, мемлекет, билік кейбіреулер айтып жүргендей бәрін ысырып қойып, Елтаңбаны ауыстыру мәселесімен айналысатын болса, онда мен міндетті түрде гералдика бойынша комиссия отырысын өткізіп, осы мәселені ортаға салар едім. Жоқ, онымен айналысып жатқанымыз жоқ", -деді.