Bugin
Фото: freepik.com
Атырау облысы Мақат ауданы әкімінің бұрынғы әйелі күйеуімен некелескен 11 жылда қорлық көріп, азапқа ұшырағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Әйел өзінің экс-жұбайы бұрын кәсіби спортшы болғанын, ал қазір аудан әкімі қызметін атқаратынын айтты.
"Ринат Ибрагимов жүйелі түрде, бірнеше рет, 11 жыл ішінде балаларымның көзінше мені ұрып-соғып, азаптады. 2021 жылы түнгі сағат төртте мас күйінде келіп, мені ұрып-соғып, балаларымның алдында бет-жүзімнен түк қалдырмады. Содан кейін мен жедел жәрдем, полиция шақыруға мәжбүр болдым, бірақ ол маған кейін жалынып, балаларым үшін кешіруімді өтінгендіктен, мен арыздан бас тартуға мәжбүр болдым",- дейді әйел.
Алайда 2023 жылдың мамырында тағы осы жағдай қайталанған. Айтуынша, бұрынғы күйеуі балаларын одан алып кеткен.
"Мен бір жыл бойы балаларымды көрмедім. Олармен кездесуге, көруге, олармен сөйлесуге қанша тырыссам да, "сенімен сөйлескісі келмейді" деген бір ғана жауапты естідім, - деді ол.
Сондай-ақ, ол полицияның бұл істі бастағанын, бірақ ол ешқандай жолмен алға жылжымай тұрғанын айтты. Осыған байланысты әйел мемлекеттен балаларды қайтаруға көмектесуін сұрайды.