Bugin
Фото: Жоғарғы сот
Әйелін азаптап өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын қараған прокурор зорлық-зомбылыққа қатысты тағы бір деректі айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол әлеуметтік желісінде адам өлімімен аяқталған бір істің мән-жайын жариялады.
"Менің тәжірибемде отбасылық жанжал қол жұмсауға ұласып, олардың бірінің өлімімен аяқталған іс болды. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал ас үйде туындаған, сол сәтте әйелі үстелде нан турап жатқан. Жанжал барысында ер адам оны ұра бастаған. Қорғанғысы келген әйелі жұбайының кеудесіне пышақ салып, ер адам сол жерде көз жұмған, ал әйелі сотталды.
Өкінішке орай, мұндай істер аз емес", - делінген прокурор жазбасында.
Прокурор Аймағанова үлкен жанжалдың алдын алуға болатынын айтып, дабыл қақты.
"Бұл жағдайда зорлық көрсетуші өмірінен айырылды, ал зорлық-зомбылық құрбаны өзін құтқара алды. Бірақ қандай бағамен? Қоғамнан оқшаулану бағасымен және өкінішке орай, оқшауланумен ғана шектелген жоқ.
Зорлық-зомбылық отбасыларда да, оқу орындарында да, еш жерде де болмауы тиіс. Әр отбасында балалар өсіп келеді, олар өмірлерін өз отбасыларының үлгісімен қалыптастырады. "Балаларды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле". Егер әрқайсымыз қоршаған ортаға бей-жай қарамасақ, онда көп нәрсені жақсы жаққа өзгертуге болады.
Бір-біріңізге көңіл бөліңіздер, үлкен жанжалдардың алдын алыңыздар", - деп жазған өз жазбасында.