Bugin

Жамбыл облысында алапат орман өрті болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: видеодан кадр

Жамбыл облысында екі мың гектарға жуық орман өртеніп кетті. Қызыл жалын Меркі ауданындағы Сарыкөбі даласынан бастау алған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Өрт тұтанған аумаққа ең жақын елдімекен 160 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жете алмаған. Сондай-ақ секундына 12 метр жылдамдықпен соққан жел қызыл жалынды үдете түскен. Тілсіз жау Тұрар Рысқұлов ауданының аумағына дейін жеткен. 

Өртті ауыздықтауға 300-ден астам адам мен 50 арнайы техника тартылды. Олар таңға дейін жерді трактормен жырту арқылы өрт аумағын оқшауланған. Мамандар жақын маңдағы елдімекендер мен егістікке еш қауіп төнген жоқ дейді. 

Жамбыл облысы әкімдігі, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиев:

"Жағдайды тұрақты бақылап, әуеден бақыланды. Дер кезінде атқарылған жұмыс нәтижесінде өрт таңғы сағат 6:20-да толық сөндірілді. Түтін шыққан өрт ошақтары анықталған жоқ. Шамамен өртенген аймақ 1803 гектарды құрайды",-деп мәлімдеді.