Bugin
Фото: Г.Әбіқай парақшасынан
Германияда бұрынғы судья жоғалып кетті, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Қазақ қызының жоғалғаны туралы журналист Гүлмира Әбіқай 8 маусым күні Facebook желісіндегі парақшасында жазып, дабыл қақты.
"Германияда қазақ қызы жоғалды! Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы, "Болашақ" түлегі. Ол күйеуі Александр Донцовпен бірге 2019 жылы елден кеткен. Өзінен біраз жас кіші, бірнеше шет ел азаматтығы бар күйеуімен әлемнің біраз елінде тұрып келген. Ресей, Американы айналып, соңғы кезде Германияның Бейншейм шаһарына тұрақтаған екен", - деп жазды журналист.
Журналист жазбасында шетелдікке тұрмысқа шыққан әйелдің 4 күннен бері елдегі туыстарымен байланысқа шықпағаны жазылған. Қазақ қызы Айгүлді бауыры Қанат Сайлыбаев іздеп шарқ ұрып отыр. Ағасының айтуынша, бұрынғы судья күйеуі мен енесінен шет елде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген.
"Қазір бұл мәселеге СІМ араласты, Бейншейм полициясына арыз берілді. Алайда күйеуі әйелін көрмедім, білмедімнен әрі аспай отыр. Ал енесі Натальяны неміс полициясының өзі таппай жатыр. Белгілісі, Айгүл мен Александрдың арасында 3 жасар Жаклин есімді қызы бар, ол – Германия азаматы. Ал күйеу баланың кім екені, мамандығы мен жұмысы, табысы, жалпы немен өмір сүретінінен қайын жұрты еш хабарсыз екен", - дейді Гүлмира Әбіқай.