Bugin
Фото: коллаж/ Bugin.kz
Осыдан 2 ай бұрын қыз зорлады деген айыппен 11 жылға бас бостандығынан айырылған полиция басқармасының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевтың әйелі оқиға туралы айтты, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Журналист Гүлмира Әбіқайдың "Айтылмай қалмасын" бағдарламасына Марат Күштібаевтің жары сұхбат берді.
"Зейнетке шығуына бір жарым ай қалғанда осындай жағдай болды. Оқиға 12 қарашада болды. Таңертең 7:00-де жұмысқа кетті. "Зорланды" деген қыздың үстінен арыз түскен. Ол пәтерде басқа ер адаммен ішкен. Көршілердің мазасын алған. Көршілері полицияға арызданған. Ол қыздың сөмкесінде қару болған. Оны естіген жолдасым "қазір шаруамды бітіріп келген соң, бұл қызды маған кіргізіңдер" дейді. Өйткені қаңтар оқиғасы кезінде көп қару жоғалған. Жолдасым сол қарулардың бірі деп ойлайды",- дейді Ләззат Тукенова.
Полиция басқармасының бұрынғы бастығының әйелі күйеуінің ол қызбен жыныстық қарым-қатынасқа түскенін жасырмады.
"Менің күйеуім мен ол қыз екеуі қосылады. Бірақ ол жерде ешқандай зорлау болмайды. Оны жолдасым да мойындап отыр. Ешкім жасырып тұрған жоқ. Бірақ екеуінің келісімімен болған жағдай. Ол 27 жастағы ақыл тоқтатқан қыз. Жолдасым қызмет барысында осындай іске барғаннан кейін оны жұмысынан шығарды, атағынан айырды. Ол бұл ісі үшін жазасын алды. Бірақ 11 жылға сотталатындай қылмыс жасамады",- дейді әйелі.
Ләззат Тукенова ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне өз ренішін айтты.
"Күйеуім 35 жыл қызмет етті. Ол балаларының қалай өскенін де көрмеді. Ол күдікке ілінгеннен кейін сатқындықтарды көрдім. Іс бір жақты қаралды. Ол бәріне айыпты болып қалды", - дейді Ләззат Тукенова.
Ләззат Тукенова күйеуінің жазықсыз екенін, сот процессі әділ өтпегенін алға тартты.