ҚОҒАМ
Фото: Видеодан алынған кадр
Алматы облысы Кеген ауданында құдықтан үш адамның денесі табылды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Қайтыс болған адамдардың денелері мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қайтыс болған үш адамның екеуі - әкесі мен ұлы. Марқұмдардың туысы оқиғаны Azattyq Rýhy тілшісіне баяндап берді. Туыстарының айтуынша, қайғылы жағдайға ауылдағы су тапшылығы мәселесі себеп болған.
Кегенде сумен проблема бұрыннан бар. Су болмай қалған кезде тұрғындар құдықты өздері ашып, су алудың амалын жасайды. Бұл жолы да сол сумен проблема болып, құдықты ашқан көрінеді. Бірақ олардың қалай түсіп кеткенін ешкім білмейді. Кеш батып, жақындары іздей бастаған кезде, құдықтың ашық тұрғанын көрген. Оларды тапқан кезде құдықтың іші суға толып, аяқ киімдері қалқып жүрген, - дейді Мақпал Шадан есімді ауыл тұрғыны.
Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.
Аталған дерек Кеген ауданының полициясында тіркелді. Қайтыс болған адамдардың денелері мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды, - делінген хабарламада.