Bugin
Фото: Түркістан облысының әкімдігі
Түркістан қаласында «Мәслихатқа 30 жыл» атты суретші-кескіндемешілердің байқауы өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық мәслихаттың ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты - қылқалам шеберлерінің шығармашылық туындыларын насихаттау. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық мәслихат депутаттары арнайы қатысты.
Бйақауға қатысқан кәсіпқой және әуесқой суретшілер туған жерді, ел тарихын, Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген жетістіктерін, қазақ халқының салт- дәстүрлерін, өңірдің сұлу табиғатын туындыларына арқау еткен. Байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмаған. Қылқалам шеберлерінің жарысына өңірдегі барлық қала, аудандардан 40-қа жуық қатысушыдан өтінім келіп түскен. Байқау қорытындысы бойынша ұйымдастыру алқасы әр қатысушының жұмыстарын бағалап, үздіктерді анықтады.
Нәтижесінде қазығұрттық Құралбек Қосуақов 1-орынды иемденіп, 300 000 теңге қаржылай сыйлық жеңіп алса, 2-орынды иеленген түркістандық Ержан Райымбеков 200 000 теңгені қанжығасына байлады. Ал, үздік үштікті қорытындылаған Көркемай Қадірбек 150 000 теңге сыйлықтың иесі атанды. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға түрлі номинациялар табыс етіліп, арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.