Bugin

Әдейі: 35 адамды көлігімен қағып өлтірген ер адам өлім жазасына кесілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видеодан алынған скриншот

Қытайда сот 62 жастағы жүргізуші Фань Вэйцюге өлім жазасын тағайындады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы CCTV-ге сілтеме жасап.

Сот айыпталушының қоғамға қауіпті екенін анықтап, оны өлім жазасына кескен. Үкім шығарылғаннан кейін Фань апелляция беруден бас тартты. 

Қайғылы оқиға 2024 жылдың қарашасында Қытайдың оңтүстігіндегі Чжухай қаласында болған.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға салдарынан 35 адам қаза тауып, 45-і жарақат алды. Жол талғамайтын көлік тізгіндеген адам стадионда спортпен шұғылданып жүрген бір топ азаматты басып өткен.

Жергілікті тұрғындардың мәліметінше, темір тұлпар жүргізушісі бұл әрекетін қасақана жасаған болуы мүмкін. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, 62 жастағы ер адам ажырасқаннан кейін мүлікті бөлу нәтижесіне ашуланып, көлікке мінген екен. Ол артынша өз-өзіне қол жұмсамақ болыпты.

Қытай басшысы Си Цзиньпин жараланғандарды емдеуге барынша күш салып, кінәліні қатаң жазалауды тапсырған еді. Ер адам сот шешіміне қарсы шықпады.