ҚОҒАМ

Енді Ұлыбританияға жұмыс істеуге барған қазақстандықтардың құқығы қорғалады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Freepik

Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі еңбектегі қанау мен заң бұзушылықтарға қарсы күрес жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Құжат Лондонда өткен “Қазақстан – Ұлыбритания” стратегиялық диалогы аясында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның еңбек саласындағы заң бұзушылықтар мен қанауға қарсы іс-қимыл қызметі арасында жасалды.

Меморандумға Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Ұлыбританияның Еуропа, Солтүстік Америка және шет елдер істері жөніндегі мемлекеттік министрі Стивен Даути қол қойды.

Меморандум аясындағы негізгі бағыттар:
    •    Ұлыбританияда қазақстандық азаматтарды уақытша жұмысқа орналастыру шарттары мен рәсімдері бойынша ақпарат алмасу;
    •    Қазақстаннан Ұлыбританияға еңбек мигранттарын жіберетін жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін бақылау және олардың қабылдаушы ел заңнамасына сәйкестігін тексеру;
    •    Қазақстан азаматтарының Ұлыбритания аумағында еңбек және әлеуметтік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, оның ішінде Tier-5 маусымдық жұмыс визасы (Seasonal Worker Visa) шеңберінде заңды қорғау шараларын күшейту;
    •    Сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар және қазақстандық жұмысшылардың қажетті кәсіптік даярлығы жөнінде ақпарат алмасу.

Бұл меморандум Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.