ҚОҒАМ

Шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқандарға 33 млн теңге айыппұл салынды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Polisia.kz

11-14 наурыз аралығындағы "Мигрант" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 10 мыңға жуық фактісі анықталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

4,5 мың шетелдік азамат елде болу мерзімін бұзған. 2,5 мың шетелдік заңсыз еңбек қызметімен айналысқан. Оның ішінде 60 заңсыз такси жүргізушісі бар. Атап айтсақ, бұған дейін жүргізілген арнайы операция кезінде 700-ге жуық заңсыз такси жүргізушісі анықталған болатын.

"1240 шетелдік сот шешімімен елден шығарылып, оларға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Заң бұзушылардың басым бөлігі жақын шет мемлекеттен келгендер. Бірақ одан бөлек Бангладеш, Мысыр, Италия, Нигерия және Мадагаскар азаматтары да анықталды. Іздеуде жүрген 20 шетелдік ұсталды", - деді ІІМ көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.

2200 қабылдаушы тұлға шетелдіктердің келуі туралы полицияға хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 12 млн теңге айыппұл салынды.

Полиция дерегіне сәйкес, 500 қазақстандық жұмыс берушіге шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 33 млн теңге айыппұл салынды.

Олардың ішінде бес тұлға осындай әрекетті бұрын да жасаған. Қазір бұл азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

Шетелдіктерге жалған құжаттар рәсімдеген Қазақстан азаматтарына қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды.