САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comФото: Jibek Joly
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, “Ауыл” партиясының төрағасы Серік Егізбаев агроөнеркәсіп кешеніндегі жалған статистика мәселесін сынға алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
“Мен эфирде ашық айтып отырмын. Айдарбек Сейпеллович (ҚР Ауыл шаруашылығы министрі – ред.) президенттің қабылдауында болды. Сол кезде ол статистика мәселесін көтерді. Жалған деректер, миллиондаған тонна өнім туралы жалған есептер айтылды”, – дейді Серік Егізбаев Jibek Joly телеарнасындағы “Уәде” бағдарламасына берген сұқбатында.
“Миллиондаған тонна сүт, миллиондаған тонна көкөніс, миллиондаған тонна астық – бәрі өтірік”, – деп қосты ол.
Бағдарламада жалған дерек бергендерге қатысты жауапкершілік мәселесі де қозғалды. Журналистің “Жалған статистика үшін жаза қолдану керек пе?” деген сауалына Серік Егізбаев:
“Мен ондай ұсыныспен келісемін. Жаза қолданылуы керек. Күні кеше Үкіметтің картоп жөніндегі отырысында белгілі болды: картоп қоры жүз есе артық көрсетілген. Маңғыстау алдына шығыпты дейді. Небәрі 20 тонна картопты 2000 тонна деп жазып жіберген. “Картоп бағасы неге шарықтап кетті?” деп Үкіметте қаралды ғой. Бүкіл өңірлер жоқ картопты бар деп көрсеткен.
Неге олай істейді? Неге қорықпайды? Себебі жалған статистика үшін ешкім жауапқа тартылмайды”, – деп жауап берді Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы.