САЯСАТ

Ақтөбеде мемлекет қаржысын талан-таржыға салғандарға үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қалалық №2 соты қызмет бабын асыра пайдаланып, мемлекет қаржысын жымқырған екі азаматқа үкім шығарды. Сот үкіміне сәйкес, олардың бірі 8 жылға, екіншісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қаралған. Тергеу барысында белгілі болғандай, басты айыпталушы — бұрынғы шенеунік 2023 жылдың сәуірінен қараша айына дейін Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігі мен цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығын басқарған. Осы аралықта ол мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру кезінде өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, жеке кәсіпкерге артықшылық жасаған.

Шенеунік кәсіпкермен келісіп, жол белгілерін орнату бойынша жалған келісімшарттар жасап, жасалмаған жұмыс үшін актілерге қол қойған. Нәтижесінде мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Тергеу барысында белгілі болғандай, бұл қаржы екі айыпталушы арасында бөлініп кеткен.

Айыпталушылар өз кінәсін мойындамағанымен, куәгерлердің жауаптары мен іс материалдарындағы айғақтар олардың кінәсін дәлелдеді.

Сот шешімі бойынша бұрынғы мемлекеттік қызметкер 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ал кәсіпкер 7 жылға сотталды.