САЯСАТ

Атыраулық кәсіпкерге 37 млрд теңге айыппұл салынды: Жоғарғы сот істі қайта қарады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: atyrauoil.official

Атырау облысында экологиялық заңнаманы бұзды деп айыпталған кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс Жоғарғы сотта қаралды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Іс "Oxygenator" ЖШС-нің Атырау облысы бойынша экология департаментінің шығарған нұсқамасына қарсы арызынан басталған. Аталған нұсқамаға сәйкес, компанияға 37,5 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл көлемдегі айыппұл экологиялық заң талаптарының бұзылуына байланысты есептелген.

Айта кетейік, кәсіпкер Мұрат Ниязов – мұнай қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорынның иесі. Бұған дейінгі сот отырысында «Oxygenator» ЖШС-нің экологиялық нормаларды бұзып, мұнай қалдықтарын арнайы рұқсатсыз жинағаны анықталған болатын. Осы құқықбұзушылыққа байланысты компанияға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 328-бабы негізінде 37,4 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған.

Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл істі қарап, экология департаменті ұсынған кейбір тұжырымдардың нақты деректермен сәйкес келмейтінін анықтады. Сот шешімінде жергілікті соттардың бірқатар негіздемесі дәлелсіз деп танылғаны айтылған.

Сонымен қатар сот алқасы кәсіпкер тарапынан Экологиялық кодекстің екі бабын бұзу фактісін мойындады. Атап айтқанда, компания қалдықтарды жинау лимитін белгілеу және қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу бойынша міндеттерін орындамаған.

Осыған байланысты Жоғарғы сот кәсіпкерлік субъектісінің кассациялық шағымын ішінара қанағаттандырды. Сот алқасының мәлімдеуінше, компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы жаңа мән-жайлардың анықталуына байланысты қайта қаралуы мүмкін.