ҚОҒАМ

Назарбаев Университетіндегі қайғылы оқиға: Министр мән-жайды түсіндірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Назарбаев Университетінің Facebook-тегі ресми парақшасынан алынған

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астанада Назарбаев Университетінің жатақханасында студенттің мәйіті табылған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі таңда аталған жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы – "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе соған жәрдемдесу" – бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

"Қазір бұл мәселе бойынша тергеу амалдары Қылмыстық-процессуалдық кодекс талаптарына сәйкес жүргізілуде. Тергеу деректері жария етілмейді. Біз тек полициямен бірлесе жұмыс істеп жатқанымызды растай аламыз", – деді Саясат Нұрбек журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Министрден бұл оқиғаның студенттер арасындағы жанжалмен байланысы бар-жоғы туралы да сұралды. Алайда ол бұл бағытта қандай да бір мәлімет бере алмайтынын атап өтті.

"Тергеу аясында нақты ақпаратты жариялау құқығы полиция департаментінде. Сол келісім негізінде біз қандай да бір түсініктеме бере алмаймыз", – деп түйіндеді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Назарбаев Университетінің жатақханасында студент қыздың денесі табылғаны хабарланған болатын. Құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр.