САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Dauletten.kz
Астана қаласының білім басқармасы ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген элиталық үйді әлеуметтік мақсатқа пайдалану мүмкін болмағанын түсіндірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұған дейін "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" бұл мүлікті eQazyna платформасы арқылы саудаға шығарған еді. Алайда кейін Астана әкімдігінің өтінішімен сатылым тоқтатылып, үйді коммуналдық меншікке беру мәселесі қаралды. Соған қарамастан, қала әкімдігі бұл мүлікті балансына қабылдаудан бас тартты.
BES.media-ның ресми сауалына жауап берген білім басқармасы бұл шешімді ғимараттың санитарлық нормалар мен әлеуметтік нысандарға қойылатын талаптарға сай келмейтінін жеткізді.
Құны 1,68 миллиард теңгеге бағаланған зәулім үй Қараөткел ықшамауданында орналасқан. Жалпы аумағы шамамен 2,9 мың шаршы метрді құрайды, ішінде қымбат жиһаздар мен өнер туындылары бар. Бұған дейін бұл үйді мемлекет пайдасына сатуға әрекет жасалған.
Еске сала кетейік, Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді және басқа да ауыр қылмыстар үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Тәркіленген мүлік мемлекетке қайтарылып, оның бір бөлігі "Қайтарылған активтерді басқару" компаниясына берілген.