ҚОҒАМ
Әуе жолаушыларының билеттеріндегі жеке деректерде орын алған екі әріпке дейінгі қателер енді тегін түзетіледі. Жаңа ережелер Астана көлік прокуратурасының бастамасымен 2026 жылдың басынан бастап қолданысқа енді, деп хабарлайды Bugin.kz
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев
Жолаушының есімінде немесе тегінде орын алған екі әріпке дейінгі қателер жолаушыны сәйкестендіруге кедергі келтірмесе де, рейске тіркелу кезінде айыппұлдарға немесе қосымша алымдарға жиі себеп болатын. Айтулы өзгерістерге азаматтардың өтініштерін талдау негіз болды. Прокуратура шағымдардың едәуір бөлігі дәл осы авиабилеттердегі жеке деректерді түзетуге қатысты екеніне назар аударды.
«2026 жылдың басынан бастап аты-жөніндегі екі әріпке дейінгі қателерді тегін түзетудің жаңа тәртібі енгізілді», — делінген хабарламада.
Қадағалау органы хабарлағандай, тек 2025 жылдың өзінде Qazaq Air авиакомпаниясы (қазіргі таңда Vietjet Qazaqstan брендімен жұмыс істейді) 3 815 жолаушының деректеріне өзгерістер енгізген. Көп жағдайда бұл екі әріптен аспайтын қарапайым қателер болған.
Астана авиациялық көлік прокуратурасы мен әуе компаниясы басшыларының келіссөздері нәтижесінде жаңа ереже бекітіліп, бұдан былай екі әріпке дейінгі түзету жұмыстары ешқандай ақысыз жүзеге асырылады. Прокуратураның түсіндіруінше, жаңа ереже әуежайдағы жанжалдар санын азайтып, жолаушылар үшін сервистің сапасын арттыруды көздейді.
Деректерде елеулі айырмашылықтар болған жағдайда түзету процедурасы бұрынғы бекітілген тәртіппен жүргізіледі. Бұл ретте қосымша тексеру шаралары қарастырылып, әуе тасымалдаушысының ішкі ережелеріне сәйкес тиісті төлемдер алынуы ықтимал.