ҚОҒАМ

Алматыда курьерлерді биометриялық тексеру жүйесі енгізіледі

Алматыда жеткізу сервистерінің жұмысы қатаң бақылауға алынатын болды, деп хабарлайды Bugin.kz

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 Фото: Ашық дереккөз 

Алматы қалалық Полиция департаментінде жеткізу платформаларының басшылары, прокуратура органдары және қоғам белсенділерінің қатысуымен  кеңес өтті. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеткізушілердің заң талаптарын қатаң сақтауын қадағалау мақсат болған кеңесте бизнес өкілдеріне курьерлердің жол ережесін бұзғаны және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тікелей жауапкершілік жүктеу мәселесі басымдықпен қаралды.

«Әрбір курьер тұрғын үйлерге, азаматтардың жеке деректеріне және олардың үйде болу режиміне қатысты ақпаратқа қол жеткізеді. Біз курьерлердің жұмыс процесінің барлық кезеңінде биометриялық сәйкестендіруді енгізуді, аккаунттарды үшінші тұлғаларға беруге тыйым салуды, шетелдік жұмыс күшін тартуға шектеу қоюды және жол қозғалысы қағидаларының сақталуын тұрақты бақылауды талап етеміз», – деп атап өтті полиция басшысы Айдын Қабдулдинов.

Қазіргі уақытта агрегаторлардың жұмыс процестері қаншалықты заңды екені, мемлекеттік органдармен ақпарат алмасу деңгейі және жұмысқа тартылған қызметкерлердің құқықтық мәртебесі жіті тексерілуде. Қазақстан прокуратурасы мемлекет пен бизнестің үйлесімді әрекеті ғана азаматтардың мүддесін қорғаудың негізгі кепілі болатынын мәлімдеді.

Кеңес барысында жеткізу платформаларына нақты талаптар қойылды: ішкі ережелерді заңмен үйлестіру, курьерлерге бақылауды қатаңдату, қауіпсіздікті екінші орынға ысыратын «жылдам жеткізу» жүйесінен бас тарту. Сонымен қатар әрбір курьердің заңды мәртебесі болуы тиіс екені баса айтылды. Бұл шаралар қала көшелеріндегі тәртіпті нығайтуға да бағытталған.

«Егер жүйелі өзгерістер енгізілмеген жағдайда, полиция департаменті нормативтік реттеуді күшейту және агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды бастамашылық етеді. Алматы – еліміздің ең ірі мегаполисі. Сондықтан заманауи сервистердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Цифрлық экономиканың дамуы азаматтарды қорғау тетіктерінің дамуымен қатар жүруі тиіс», – деп қорытындылады Айдын Қабдулдинов.

Cондай-ақ прокурор мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы азаматтардың мүддесін қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті.