ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанда жекеменшік емшара кабинеттерінің қызметін бақылау шаралары күшейтілді

Қазіргі уақытта республика көлемінде жеке емшара кабинеттерінің қызметіне мониторинг жүргізілуде. Тексеріс барысында анықталған олқылықтар үшін кәсіпкерлерге қолданылған айыппұлдың жалпы көлемі 16 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Bugin.kz.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: mrt31.ru

Медициналық қызмет көрсету саласындағы заңсыздықтарды анықтау барысында ауқымды заң бұзушылықтар белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мониторинг нәтижесінде лицензиясы жоқ 408 нысан анықталған. Тексеріс нәтижесінде олардың 270-і өз қызметін тоқтатса, енді бір бөлігі заңдылық талаптарына сәйкестендіру үшін құжат жинауды бастады. Комитет мамандары 116 нысанға қатысты жоспардан тыс қосымша тексеру шараларын бекітті.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген мониторинг барысында жеке кабинеттердің жұмысында лицензиясыз қызмет, антисанитария, дәрі-дәрмекті сақтау тәртібі, маман біліктілігі, қауіпсіздіктің жоқтығы бойынша кемшіліктер анықталды.

Жүргізілген ауқымды мониторинг нәтижесінде комитет мамандары жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын 147 әкімшілік хаттама толтырды.

Айта кетейік, жеке емшара кабинеттеріндегі немқұрайлылықтың соңы орны толмас қазаға әкелуі мүмкін. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында Таразда антибиотик егуден кейін пациент көз жұмған болатын. Аталған іс бойынша емшара кабинетінің дәрігері мен медбикесіне қатысты сот үкімі шықты. Екі айыпталушының да бостандығы шектеліп, олар марқұмның отбасына 11 миллион теңгеден астам материалдық шығын төлеуге міндеттелді.

Ұсыныстар мен байланыс үшін

8 705 324 11 61