Саясат

Кімнің арбасында отырсаң, соның әнін сал

Қазақ музыкасы message беруден қалғалы қашан...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


«Кімнің арбасында отырсың, соның әнін сал», - деген ұранмен 30 жыл бойы қазақ әні «Хабар» арнасындағы өмірді суреттеді. Марапат алғанына мәз болған әншісымақтар, өзінің қай жерден шыққаннын ұмытып, халық тойының арқасында қарнын семірткенін естен шығарды.

1723-1725 жылдардағы қазақ халқының басына түскен қауіп-қатер мен қиыншылықты жырлаған «Елім-ай» сынды ән тумағанына 3 ғасырдан астам уақыт өтті. Оның себебі, қазақ халықының байып, тойып кеткені емес – әнші қауымының халықтан безгені. Су ішкен құдығына түкіріп,  бұрылып қарамауға жеткені. Әнші-композитор Гауһар Әлімбекова істі болған кезде – халық атойлап, абақтыдан аман сақтап қалған еді, 9-10 маусымда халық «Әділетсіз сайлау» деп көтерілген кезде Гауһар ханымның ләм-мим демегені осыған дәлел. Ертең тойда бет көрісетін адамы болған соң Ринат Зайытов туралы бір пост жазғанын айтпауға болмайтын шығар. 86-ны сипаттайтын Әбиірбек Тінәлі мен Әмдірахман Асылбектің «Желтоқсан желі» сынды әні бар дерсіз, алайда «Нұр-Мұқасанның» 90-шы жылдардың басындағы қиыншылықты суреттейтін «Не пайдасының» да «Желтоқсан желінің» деуақыты  өткені қашан?

Соңғы 30 жылда не болмады? Қазақстан демократиясының екі серкесі Нұрқаділов пен Сәрсенбаев жер қойнауына тапсырылды. Қалғаны қамалды. Қаншама мемлекеттік бағдарламалар орындалусыз қалды. Миллиардтар шетел асты. Шаңырақ, Жаңаөзен оқиғалары қаншама ананың баласының қабіріне топырақ салуына себепкер болды. Қызылағашта қанша боздақ суға кетті. Сол уақыттарда қазақ әншілері тойдың хитын жазумен студияда сансыз түндер өткізді...

Жұмабаев айтқан арыстандай айбатты жастар бар екен. Ол кім дерсіз?

Бүгінгі жүйеге қарсы ән жазған – Мархаба Сәби, бар болғаны 19 жастағы, әділеттілік іздеген – Данель Садыкова жастар арасында Dequine атты лақап атпен танымал. Әнші Мархаба «Жүйе» атты әнінде – қазіргі биліктің жүйесін қатал сынға алады. Бұл жүйе жалғаса беретін болса, келешекте қоғам көк түтінге оранып, болашағымыз бұлыңғыр болады дейді. Халықты өзгеріске шақырады. Dequine жақында «Фемида» атты туындысын өз әлеуметтік желісіне салды. Ән бірден жастар арасында кең таралып кетті. Тіпті ресейлік музыкалық чаттарда бірден үздіктер қатарына енді. Фемида – грек тілінен аударғанда – әділеттілік деген мағынаны береді. 19 жастағы қыз әнінде «Мы утопили будущих своих детей», - дейді.

Билік жастарға барлық жағдайды жасадық деп жаңалықтардан сөйлесе – жастар болашақтан үміт күтпейді. Бұл жерде үлкен парадокс пайда болады. Осы орайда билік партиясының мүшесі Қайрат Нұртасты айтпай кетуге болмайды. Ол жастар шеруге жаппай шығып, қамалған кезде, өз әлеуметтік желісінде президентке арнайы пост арнап. Ұсталғандарды босатуды сұрады. Бұл үлкен буынға қарағанда, жастардың ел үшін жандары ашитынын аңғартады. Елден аларын алып, асарын асап алған үлкен буын бүгінде тып-тыныш. Мейрамбек Беспаевтан, Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіковтен үміт күтпеген халық енді жаңа есімдерді іздейді. Біздің халық осындай...