Weekend
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев пен ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын тексерді. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады
Соңғы күндері ХҚКО-да автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру жұмыстарына қатысты кідірістер байқалған болатын. Оған себеп Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі техникалық жаңартулар кезіндегі мәселелердің туындауы болған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева министрге ХҚКО-да қызмет көрсетудің үзіліссіз процесін қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігімен бірлесіп атқарылған жұмыстардың жай-күйі туралы баяндады.
Басқарма төрайымының айтуынша, Ішкі істер министрлігі азаматтардың сұранысын жеделдету мақсатында техникалық жүйеге бірқатар өзгерістер енгізген. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері де өз кезегінде барлық қажетті көмектерді көрсеткен. Қазіргі кезде қызмет көрсетудің жылдамдығы жақсарған.
ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев та өз сөзінде бір түн ішінде алты жүйені жаңарту жұмыстары жасалғанын айтты. Сонымен бірге, ол өз бөлімшесіне жұмыс күнінің соңына дейін барлық мәселелерді шешуді тапсырды.
Асқар Жұмағалиев бұл мәселені бақылауда ұстайтынын, сондай-ақ мемлекеттік корпорация мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компаниясы жағдайды толықтай қалыпқа келтіру үшін әлі де жұмыстану қажеттігін айтты. Негізгі міндет - «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалалып жатқан жұмыстардың сапасын арттыру.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін тұтынушылар ХҚКО-дағы кезектің көптігіне наразы болып, бейнежазба жариялаған болатын. Сонымен қатар қызметкерлердің баяу қызмет көрсетуі туралы да шағымданған.