Саясат
Алматы көшелерінде орнатылған камералардың арқасында жол-көлік оқиғасынан зардап шегушілер 8,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы Алматы қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады
Бейнебақылау аппараттары «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» ақпараттық жүйесі аясында қойылған. Аталған жоба жүргізушілер тәртібін жақсартып, жауапкершілігін арттыруды көздейді.
«Қабылданған шаралар арқасында жол-көлік оқиғасынан зардап шегушілер 8,5 пайызға азайса, жарақат алушылар 10 пайызға қысқарды», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» ақпараттық жүйесіне 255 мыңнан астам құқық бұзушы тіркеліп, әкімшілік жауапқа тартылған. 1073 автокөлік жүргізушісі мас күйде көлік тізгінін ұстағаны үшін айыпты деп танылса, тағы 1891 заң бұзушы сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған. Бұған қоса, 31 көлік жүргізуші әкімшілік жолмен қамауға алынған.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігі» автоматтандырылған жүйесінде әзірге 108 пост бар. Жақын күндерде 142 постқа дейін жеткізу жоспарлануда.
Еске сала кетейік, жақында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала көшелеріндегі камералар санын арттыруды тапсырған болатын. Қала басшысының айтуынша, жол-көлік оқиғасынан өлім-жітім көрсеткіші өсуде. Сол себепті, 72 қауіпті учаскедегі жаяу жүргіншілер жүретін көшелерде жарықты күшейтуді, бейнебақылау камераларының санын арттыруды тапсырды. Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикадағы барлық аймақта қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта көптеген бейнебақылау аппараттары мен арнайы құрал-жабдықтар енгізілуде. Мұндай аппараттар сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуға, қауіпсіздікті күшейтуге өз үлесін қосады.