Hi-Tech
Шілде айының басында Еуразиялық даму банкінің сарапшылары цифрлық жаңашылдықтарды енгізу рейтингін қорытындылады. Белгілі болғандай, еліміз жаңа технологияларды енгізу бойынша алғашқы қатардан көрінді
Еуразиялық даму банкіне мүше мемлекеттер Қазақстан, Ресей және Армения инновациялық технологияларды іске қосу бойынша көшбасшы елдер санатында. Сарапшылар 2000 жылдардан бері аталған елдерде цифрлық экономика деңгейінің өскенін айтып отыр.
«Соңғы 10 жылдан бері әлемдік экономика цифрлық трансформацияны басынан өткеріп жатыр. Нәтижесінде, бизнесте, мемлекет пен қоғамда айтарлықтай өзгерістер орын алып, жаһан жұрты жаңа трендке көше бастады. Цифрлық экономиканы дамыту үшін ең алдымен ақпараттық коммуникациялық технологияның заманауи және модернизациялық инфрақұрылымын қалыптастыру қажет. 2008-2009 жылы болған әлемдік дағдарыс цифрландырудың қажет екендігін, оның келешегі бар сала екенін анықтап берді. Ақпараттық және цифрлық технологиялар көптеген мемлекеттердегі ЖІӨ-нің өсуіне ықпал етіп, мемлекеттер арасындағы аймақтық интеграцияны одан сайын күшейтуге өз үлесін қосты», – деп жазады отандық БАҚ.
Эксперттер цифрландыру процесінің дамуы мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты екенін айтады. Осы ретте, олар Қазақстан мен Ресейдегі цифрлық трансформацияны жылжытатын қозғаушы күш ретінде мемлекеттік секторды көрсеткен.
«Еуразиялық даму банкі қатысушы мемлекеттерінде цифрлық мәдениетті дамыту қажет. Бүгінде бұл аймақтарда цифрландыру процесі бизнес саласында жақсы дамып келеді. Жалпы айтқанда, цифрлық инфрақұрылымның кеңінен дамуы мен цифрлық серпіліс кез келген мемлекетке ақпараттық технологиялық қызметтерді ұлғайтуға, сондай-ақ экспортқа шығаруға өз септігін тигізеді», – деп түйіндеді ғалымдар.