Bugin

Вице-министр: Армениялық көліктер отандық көліктердің сатылымын азайтып жіберді

Армениялық көліктердің бағасы екі есе арзан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов қазақстандықтардың армениялық көліктердің сол елде уақытша тіркеуге қою арқылы сатып алатынын айтады.

- Менің білуімше, АҚШ-тан Арменияға 60-мың көлік жеткізілген. Көліктер бұл елдің аумағына өте төмен кедендік баж салығымен әкелінеді. Енді автокөліктер біздің мемлекетке сатылып жатыр. Бұл отандық өндіріске әсерін тигізуде. Азаматтарымыз Арменияда уақытша тіркеуге тұрып, көлікті сатып алады. Ондағы көліктер 2 есе арзан, - деді Аманияз Ержанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл автокөліктер елімізде тіркеуде тұрмағандықтан, иесі жол ережесін бұзса да, жауапкершілікке тартылмайды.

- Азаматтар көліктің жылдамдығын арттырып, жол ережесін жиі бұзады, әрі сол үшін жауап бермейді. Айыппұл төлемейді, сотқа шақырылмайды. Осындай қиындық туғызатындықтан қазір ішкі істер министрлігімен бірге шара қолданып жатырмыз. Бірақ бұл біздің азаматтарға зиянын тигізбеуі керек, - деді вице-министр.

Сонымен қатар Аманияз Ержанов бұл отандық жеңіл көлік өндірісін қорғау үшін жасалып жатқан шара екенін атап өтті.

- Себебі жоғарыда аталған көліктер елімізге көптеп енгізілсе, бұл жеңіл автокөліктер өндірісінің дамуына әсерін тигізеді. Осыған дейінгі автокөлікті кредитке беру жұмысын жоққа шығарады, - дейді ол.

Айта кетейік, осыған дейін ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті армян және қырғыз нөмірлерімен жүрген көліктерді тіркеудің жаңа әдісін енгізетінін хабарлаған еді. Ресми органның мәліметіне сәйкес, шетелдік нөмірмен жүрген автокөліктер елімізде жол ережесін жиі бұзып, айыппұл төлемейді.

Sputnik Қазақстан