Bugin

Бір-біріне тас лақтырған: Қырғыздар қытайларды елден қуып шығуды талап етуде (Видео)

Бірінші болып қытайлар төбелес шығарған

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қырғызстанның Нарын облысына қарасты «Солтон-Сары» кен орнында қырғыздар мен қытайлардың арасында қақтығыс болды деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы barometr.kg сайтына сілтеме жасап.

Дау-дамайдың өзі осыдан бірнеше күн бұрын басталған. 3 тамыз күні Нарын облысы полиция басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, Мыңбұлақ ауылының тұрғындары мен осы аумақта жұмыс істеп жатқан «Jhong ji Mining company» компаниясының жұмыскерлері арасында дау-дамай туып, арты төбелеске айналған. Ал ауыл тұрғыны жайлауға көтеріліп бара жатып, көлігі бұзылып қалғандықтан, компания жұмысшыларынан көмек сұрамақ болған. Ортада түсінбеушілік туындап, ақыры екі жақ та төбелесіп тынған. Қазір қырғыз азаматы ауруханада жатыр, ал қытай жұмысшысы тергеуде.

Бұл оқиғадан кейін онсыз да алтын өңдеу комбинатының салынуына қарсылық танытып жүрген ауыл тұрғындары ашық наразылыққа басқан.  

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қытай компаниясы Он-Арча өзенін ластап, экологияға үлкен зиян тигізуде. Бұған қарсы шыққан нарындықтар 500 адам боп топталып, кен орнына қарай бағыт алған. Комбинаттың алдына барып, қытайларды басқа жаққа көшіріп тастамақ болған көрінеді.

Алайда жиналған жұртқа қарсылық білдірмек болған компанияның 100 шақты жұмысшысы алыстан тас лақтырып, ауыл тұрғындарын жаралаған. Тұрғындар да жұмысшыларға қарай тас лақтырып, кейін бірнешеуін соққыға жыққан.

Қырғызстандағы Азаттық радиосының хабарлауынша, жергілікті халық жүк көліктерінің кейбірінің терезелерін сындырса, кейбірін айдап әкеткен.

Тәртіп сақшыларының көмегімен қытай жұмысшылары кен орнына қайтты. Қазір құқық қорғау органдары оқиға орнында қалып, мән-жайын анықтап жатыр. Жергілікті билік өкілдері де оқиға орнында жүр.

Ал жиналған ауыл тұрғындары қытай компаниясы жұмысын тоқтатып, елден кетсін деп талап қоюда.

Айта кету керек, Нарын ауданының тұрғындары бұған дейін де бірнеше рет Солтан-Сары жайлауында комбинаттың салынуына қарсы шыққан болатын. Өйткені ауыл тұрғындарының малдары жаппай қырылып жатыр. Қазіргі уақытта қырғыз азаматтары үкіметтен комбинатты жабуды талап етуде.