Weekend

Тарихтың бұлыңғыр беттерінен...

Қазақ хандығының құлдырауының тағыда бір сипаты оның мешеулігінде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жас ақын, публицист Бағжан Бақберген-Ұлы өз мақаласында Қазақ хандығының құлдырауы мен бодан болуының сипаттарын айтып өтті. 

18-ғасырдың алғашқы жылдарында өзге жұртпен терезесі тең тұрған қазақ хандығының Әз Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін берекесі кете бастады. Тарыдай шашыраған қазақ елі қайтадан ұлыс болып ұйыса алмады. Ру басылары қара басының қамын күйттеп, рушылдық ауруы тіптен өрши түсті. Көрші мемлекеттер ғылым мен білімге, қалалық өркениетке, отырықшылыққа бейімделіп жатқанда, қазақ елі бітіспес алауыздық пен мал қамын ойлаудан көзін аша алмады. Феодалдық бытыраңқылықтың кесірінен тұрақты әскері, жаудан қорғанар қамалы мен қорғаны, ел экономикасына елеулі ықпал ететін қалалық мәдениеті, елдің ішкі сыртқы саясатына май-шаммен қарайтын өкілетті билігі болмады. Бұл дәуірлерде Солтүстік-Батысында Самұрық құстай созылып келе жатқан Ресей патшалығында жер өңдеу мен егіншілік қалыптасып, қалалар мен қамалдары бой көтеріп, ұлт зиялылары ағарту шараларын қолға алды. Осылайша бір кездері Алтын Орданың құлы болған орыс жұртыда алып империяға айналды. Сонымен қатар Қытай, Оңтүстік пен Оңтүстік-Батыстағы Орта Азия хандықтарында да ілгерілеу байқалды. Ал, дәл солардың қақ ортасындағы Қазақ хандығы "баяғы жартас, сол жартас" күйін кеше берді. 18-ғасырда ішкі сыртқы саясаты да мәз емес қазақ халқын, көрші мемлекеттер мешеу санап, көкірегінен итере бастады. ”Хан тағдыры-халық тағдыры екенін” баққұмар кіші хандардың ойлауғада мұршасы келмеді. Тақ үшін таласқан, таққа отырғанымен де айналасына қырандай көз қиығын сала алмаған хан-сұлтандарынан халық әбден безінді. 19-ғасырдың 30-жылдары Ресей патшалығы Дешті Қыпшақ даласын толығымен бауырына басты, ендігі мақсаты Шығыс Түркістан мен Үндістан жерін Англия патшалығынан бұрын иемдену еді. Бұ кезеңдерде халық тағдырын "былай тартсаң өгіз өлмек, былай тартсаң арба сынбақ" деп Абылайдың немересі, ақырғы хан Кенесары қатты талқылауға салды. Ол лажы барынша қазақты бірлік пен ынтымаққа, заман талабына сай ағартушылықты үйренуге сонымен қатар бодандықтан арылуға шақырды. Амал нешік саналы сұлтан қолын кеш сермеген еді. Хан Кенесары арман-мұратына жете алмай Бақиға аттанғаннан кейін Қазақ ордасының шаңырағы тұтасымен құлады, керегесі сөгілді. Алауыздық пен қараңғылықтың арқасында қазақтың елі мен жері құзғындардың жемтігіне айналды. Бір кездері Моғолстан мен Ноғай ордасын басып алып, айдарынан жел ескен дербес қазақ мемлекеті, ескіше көзқарас пен феодалдық бытыраңқылықтың құрбаны болып, заманы өзгерген сайын мешеу мемлекетке айналды. Сөйтіп Алтай мен Атыраудың арасындағы бауырсақтай шашыраған қазақ халқының 144 жылға созылып, құлдық қамытын киген ауырда аласапыран, бодандық кезеңдері басталды!