Саясат
18 тамызда Елорда тұрғыны Асқар Қайырбек "55 завод Қытайға қайтарылсын!" деген жазуы бар плакат ұстап, қала орталығындағы Бəйтерек монументі жанында бір адамдық пикет өткізді
42 жастағы Асқар Қайырбек Қазақстан үкіметінің Қытайдан өндіріс, құрылыс, ет пен дақылдар өңдеу және басқа шаруашылық салалары бойынша 55 зауыт әкеп, ел аумағына салу туралы шешіміне қарсы екенін білдірді. Қайырбек егер бұл зауыттар іске қосылса Қазақстан экономикасына қауіп төнеді деп санайды.
- Біздің санамыз төменгі жалақы алуға дағдыланған. Қытай зауыттарына аз жалақыға құл болудан басқа амал қалмайды, - деді ол.
Ол бұл мәселені ұлттық құрылтайда талқылап, билік бағдарламасына тосқауыл қою қажет деп санайды. Нұр-Сұлтандық белсенді алдағы қыркүйек айында Қытайға баруды жоспарлап отырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ол сапардан бас тартуға шақырды.
Жексенбі күні Бəйтерек монументі маңында қыдырып жүрген жұрт билікке талабын айқайлап тұрған белсендіге таңырқай қарады. Қайырбектің жанына келген ұлттық ұланның бірнеше қызметкері оның талабын тыңдады да, ештеңе деместен кетіп қалды. Бәйтерек маңайын көлігімен айналып жүрген полиция акция өткізіп тұрған белсендіге жолаған жоқ. Асқар Қайырбектің бір адамдық акциясы он минутқа созылды.
Азаттық Радиосы