Денсаулық
Керемет күй
Сонымен, сіз ғашықсыз. Басқаша айтқанда, аурусыз. Бұл – қазіргі медицинадағы аурулардың ішіндегі ең жақсысы.
Телефон шыр етсе, жабайы жануар сияқты атыласыз. Минут сайын электронды поштаңызды тексересіз. Егер ол жерден әйтеуір бір қызықты ақпаратты тапсаңыз, мейлі сүйікті адамыңыздың бұрынғы жазғандары болсын, жүрегіңіз атқақтай соғып, тіпті келесі бөлмеге естіліп жатқандай көрінеді. Көзіңіз жарқырай түседі, теріңіз тегістеліп, әсіресе, шашыңыз қалай тарасаңыз да икемге көнеді. Рахат, ешқандай соңғы сәндегі қымбат құралдарсыз-ақ ретке келтіруге болады. Бәрі де сіздің ес-түссіз ғашық екеніңіздің көріністері. Сүйікті адамыңыздан қатты көңіліңіз қалғанда ғана бұдан құтыла аласыз.
Сол махаббатыңыздың нысанына айналған адамды кез келген жерден – жаңа жұмыс орнында, жолда, театрда, дискотада, қаптаған халық арасынан кездестіруіңіз мүмкін. Бірақ оны жазбай танисыз. Дәлірек айтқанда, ағзаңыз танып қояды. Қанша рет өзіңізге екінші рет ғашық болмауға уәде берсеңіз де, басқа жанмен отбасын құруға дайындалып жүрсеңіз де, тіпті ештеңеге де қарамастан ғашықтық сезімі қайта тұтанады. Бұл сіздің талғамыңызға да, қалауыңызға да бағынбауы мүмкін. Әр адам әлемді өзінше қабылдайды, яғни, біреулер көру арқылы, енді біреулер есіту арқылы дегендей. Бірақ адам феромон деп аталатын ерекше иіс арқылы ғашық болып қалады. Сол себепті «мыңның арасынан оны жазбай танисың» деген ән бекерге айтылмаған, бұл – өмір шындығы.
Ғашық адам – ең әдемі адам. Оның бойынан ерекше сәуле тарап тұрады, сыйқырлы көзқарасымен өзіне баурап алады. Артық салмағы бар болса, тез арада арықтайды, терісі мен шашындағы кем-кетіктер жоғалады, көзі айрықша нұр шашып тұрады. Ғашық адам еш қиналмай-ақ жылдар бойы жетуге болатын жетістіктерге бір-ақ сәтте қол жеткізеді. Өйткені ғашықтық – өте қатты стресс. Біздің ағзамыз әдеттегідей стрестен қорғану үшін жасырын жатқан бар мүмкіндігін жұмсайды. Стреске қарсы клеткалар арнайы тым күрделі ақуыз бөліп шығарады. Бүйрек безінің гормондары барынша әл-дәрменімен жұмыс істей бастайды. Қорытындысында адам биік мұнарадан секіргендей адреналиннің қуатын алады. Бұл сырт көзге жұп-жұмсақ тері, жайнаған көзқарас, жеңіл қоздыратын сөйлеу мәнерімен білінеді. Бәрі де қарама-қарсы жыныстыларды тарта түседі де, өзгелердің қызғанышын арттырады.