Спорт

Мырзағали Айтжанов: қазақ боксының жұлдызын жағамыз

Алға!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, биылғы маусымды қорытындылады.

 

Осымен үшінші олимпиадалық циклді бастап кеткен бапкер қазақ боксшыларына қысымның қайдан келетінін, ұлттық құраманың болашағы кімдер екенін және Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергеновтің қайсысы мықты екенін айтып берді. 

 - Мырзағали аға, желтоқсан келіп, жыл соңы жақындап қалды. Биылғы маусым сіз үшін, боксшылар үшін қалай өтті?

 - Әр маусымның ең басты спорттық оқиғасы болды. 2018 жылы біздің алдымызда Азия ойындарында топ жару мақсаты тұрды. Дегенмен, өмір болған соң бәрі ойдағыдай шықпайды екен. Соған көзім жетті. Жанарынан от шашқан жігіттеріміз он жерден бабында болса да, алтынға, медальға бір қадам қалғанда, тіпті, іріктеу кезеңдерінде сүрініп жатты. Анығын айтқанда, оларды сүріндірді. Менің Азиада жайлы айтып отырғанымды сезген боларсыз. Қысқаша қорытсам, биылғы жоспарымыз орындалған жоқ. Алайда, бұл біздің екпінімізді баса алмайды. Жігіттерді одан әрі қайрап, қарсыласынан бір бас, екі бас жоғары тұратындай етіп дайындаудамыз. 

- Иә, Азия ойындарында алғаш рет боксшыларымыз алтынсыз қалды...

 - Негізі, бізге 2015 жылдан бері қысым жасалып келеді. Рио Олимпиадасының қарсаңында басталған бұл үрдіс, өкінішке қарай, әлі жалғасуда. Джакарта шаршы алаңында таза жеңіп тұрған Қайрат Ерәлиевті тоқтатты. Финалда екі баламыз – Әбілхан Аманқұл мен Асланбек Шымбергеновті алтыннан қақты. Мұның бәрі сол сәтте еңсемізді түсірді. Бірақ жоғарыда айттым, бұл бізді мұқалтпайды. Қазақ боксының қарқынын бүкіл әлем біледі. Біздің алар еншіміз әлі көп. 

 - Ұлттық құраманы осымен үшінші Олимпиадасына дайындап жатырсыз. Осы аралықта сізді қатты өкіндірген әділетсіздік туралы айтасыз ба?

 - Ең үлкен әділетсіздікпен Риода бетпе-бет жолықтым. Бүкіл әлемнің көз алдында Василий Левиттің алтынын тартып алды. Осылай бола ма өзі? Бұдан артық қандай үлгі керек? Сол Олимпиадада Олжас Сәттібаев пен Қайрат Ерәлиевті қарсыласына жығып берді. Жәнібек Әлімханұлы тағы бар. Риодан 5-6 медальмен келетін қауқарымыз бар еді. Өкінштісі сол, қысым қатты болды. Тағы да қайталаймын, бұл бізді мойытпайды. 

- Бұл маусымның жүгі жеңіл болған жоқ. Ал келесі жылдың жауапкершілігі тіпті ауыр. Олимпиада жолдамасына талас басталмақ. Жігіттер бұған дайын ба?

 - Дұрыс айтасыз, келесі жылдың жауапкершілігі өте ауыр. Токио Олимпиадасының лицензиясы таратылатын турнирлер басталады. Олардың ішіндегі ең бастысы – Азия және әлем чемпионаты. Бүгінде ұлттық құраманы жаңарттық. Тәжірибелі спортшылардың қасына жастар да қосылды. Келешегінен үміт күттіретін жастарды да үлкен додаларда сынап көрмекпіз. Осы орайда, мемлекет, Ұлттық олимпиадалық комитет пен федерация тарапынан үлкен қолдау көріп отырғанымызды айтка кеткен жөн. Қолдау бізге қажет-ақ.

 - Жақында Ақтауда аяқталған Қазақстан біріншілігі қандай әсер қалдырды? Ұлттық құрамадағы тісқаққан спортшылардың ізін басатын жастарды байқадыңыз ба?

 - Ел чемпионаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көптеген жас спортшылардың тұсауын кестік. Бек Нұрмағамбет, Санатәлі Толтаев есімді боксшылар екі жылдан бері қосалқы құрамда жаттығып жүрген. Енді, міне, олардың да жұлдызды сәті туды. Саматәлі Толтаев да жүлдегерлер қатарында. 56 келідегі Оразбек Асылқұлов қандай бокс көрсетті? Қайрат Ерәлиев, Әбілхан Аманқұл, Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шымбергенов , Қамшыбек Қоңқабаев секілді беткеұстар боксшылардың соңынан еретін солар.  Ұлттық біріншілікте 18-19 жастағы жігіттердің айы оңынан туды. 

- 69 келіде Абылайхан Жүсіпов пен Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегі жанкүйер аузынан түсер емес. Екі мықтының кездесу туралы не айтасыз?

 - Абылайхан да, Асланбек де мықты. Сол себепті, екеуінің кездесуі аса тартысты өтеді. Мұндай спортшылар бір-бірін айқын басымдықпен ұта алмайды. Сол күні сәл ғана артықшылықпен төрешілер Абылайханды жеңімпаз деп тапты. Екеуіне де артылар сенім зор.

Дереккөз: Alaman.kz