Түркі әлемі

«Петр мен Павел жеті атамыз ба?» немесе Кереку мен Қызылжарым қайдасың?

Қала атаулары қашан өзгереді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Барлық отар болған елдер, тәуелсіздікті тізгіндеген сәтте ең бірінші болып отарлық езгінің ізі қалған кез келген белгіні жоюға тырысады. Оның көш басында елді-мекендердің атын ауыстыру, тарихи атауын қалпына келтіру жұмыстары тұр.

Қазақстанның тәуелсіздігіне - 28 жыл. Ширек ғасыр, демографиялық терминмен айтқанда, «бір ұрпақ жаңару жасы». Алайда 28 жыл тәуелсіз болсақ та, еврейдің әулиесі  Петр мен Павел солтүстігімізде әлі тұр. Неге? Қызылжарымыз бен Керекуіміз өзінің лайықты орнын қашан алады?

Жалпы Петр және Павел деген кім? Халықтың көпшілігі Петр мен Павелді орыс императорлары деп ойлап жүрген жайы бар. Алайда бұл тұрғыдағы Петрдің, бойы екі метрлік император Петрға еш қатысы жоқ.

Бұл екеуі де діни қызметкерлер, кейіннен әулие саналған апостолдар еді. Рим империясындағы І ғасырда өмір сүрген Петр мен Павел апостолдар дін үшін құрбан болып, олардың бұл әрекетін кейіннен күллі христиан әлемі үлкен қайғымен қабыл алып, еске алу күнін ұйымдастыратын болған. Әлі де ұйымдастырып келеді. Айырмашылығы - католиктер мен православтар бұл әулиелерді еске алу күндерін әртүрлі уақытта өткізеді.

Алайда Петр мен Павелдің шыққан тегі – еврей ұлтынан. Сонымен Петр мен Павел дегеніміз – христиандар. Рим империясынан, бүгінде апостол санатында, ұлты - еврей! Бір сөзбен айтқанда үш тұрмақ үш жүз мәрте қайнаса да, қазаққа мүлде сорпасы қосылмасы анық. Алайда қайдағы бір Рим империясының осыдан 2000 жыл бұрын өмір сүрген әулиелерінің құрметіне, қазақ жерінде қос қаланың атауы берілгені барып тұрған ақылға симас дүние.

Тарихымызда ислам дінін ғылыми тұрғыдан зерттеген Ахмет Ясауиге, Арыстан Бабқа елімізде қалашық жоқ болса да, Петр мен Павелге орын табылыпты. Біз әрине Петр мен Павел есімін 300 жыл бойы жұлып тастай алмадық, анығы жұлдырмады. Өйткені отарлық езгінің қамытында болдық. Алайда бүгінде өз қолымыз өз аузымызға жететін азатпыз ғой. Ойланбастан, Петр мен Павел есімін мәңгілікке тарих қойнауына жіберіп, орнына Кереку мен Қызылжарды қайтаратын сәт туды емес пе?!

Көршілес Тәжікстан мен Түркіменстанда отарлаушылар атаған бірде-бір елді-мекен қалмады. Тіпті, орыс есімдерін қоюға тыйым салатын заң да шығарылды. Міне, ұлттық идеологияны жүргізу нышаны.

Көптеген саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар бұл атауларды өзгерту үлкен ұлтаралық қайшылыққа және наразылыққа алып келеді, тіпті соңы Украина сценарийіне ұласуы мүмкін деседі. Бәлкім ауыстырмасақ, Украина сценарийі орын алатын шығар. Өйткені бұл - Қазақтың жері. Ал Қазақтың жерінде қазақтың атауы ғана болуға тиіс. Алайда Петр мен Павел атауы шовинистік кезеңді аңсаушыларға рух пен қуат беретіндей.

Сондықтан олардың бұл ниеті мен рухын бәсеңдету, жою мақсатында дереу арада Қызылжар мен Кереку құтты орнына қонуға тиіс! Азаттық алған жылдардан бастап 6 облыс, 14 қала, 54 аудан, 7 ауданға қарасты қалашық, 143 теміржол станциясы мен 80-85% елді мекен атауы өзгертіліп, тарихи атауы қайтарылған. Мен сол 14 қаланың саны 16-ға артқанын қалаймыз!