Weekend

Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген қазақ аруының ашық хаттары

Әрекет түбі – берекет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Расымен, әрекет еткен адамға алынбайтын қамал жеті қат жер астында. Бүгінде үлкен жетістікке жетуді көздеп, ерік-жігерін іске қосып, талмай еңбек етіп жүрген азаматтар мен азаматшалар баршылық. Барлығы бір мақсатты көздейді және қандай іспен айналысса да елінің дамуына үлесін қосып, еңбек етуде. Еліңе де, өзіңе де өзгеріс енгізу кішкентай қадамдардан басталады. Қазіргі кезде кәсіптің түр-түрі бар. Әр адам өзінің қабілетіне қарай таңдауын жасайды. Өзінің құдай дарытқан талантын ұтымды пайдаланып жүрген осындай жандардың бірі – Мариям Қосылған.

Ол қазіргі таңда ұлттық құндылығымызды насихаттайтын «Шабыт түбі» деп аталатын ашық хаттар жасаумен айналысады. Ашық хаттар қазақ тілінде, қазақи нақышқа негізделіп жасалған. Қазіргі таңда заман ағымына сай үйлесім тапқан бұл ашық хаттар көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. 

Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

Алматы қаласының тумасымын. Өзім студентпін. Азаматтық авиация академиясының бірінші курс магистрантымын. Механик мамандығы бойынша білім алып жатырмын, дегенмен бала кезден шығармашылыққа да жақын болдым. Өлең шығаратын ақындық қасиетім бар. Қазіргі таңда «Қолтаңба» атты ақындар бірлестігінің мүшесімін. Сонымен қатар сурет салу да сүйікті ісімнің бірі болды. Әрине бұл істерді қосымша жұмыс ретінде алып жүруге тырысамын. Себебі, маған математикалық бағыт та жақын және мамандығым өзіме ұнайды. Жалпы, қолөнер туындыларына деген қызығушылығым жоғары. Сол себепті бірнеше ай бұрын түрлі ашық хаттар жасау ісін қолға алдым. Қазіргі кезде нәтижесі жаман емес.

Бүгінде кәсіппен айналысамын деген адамның алдында таңдау көп. Барлығы табысты әрі еңбегінің бағаланғанын қалайды. Ал сіздің осы қолөнер саласын таңдауыңызға не түрткі болды?

Қолөнер туындысы, соның ішінде ашық хаттар жасау – өзімнің қызығушылығымнан туындаған идея. Мен бұрыннан дүкендерде сатылатын орысша және қазақша мәтіндегі ашық хаттарға ерекше мән беретінмін. Шыны керек, дүкендерде сатылатын ашық хаттар тым ашық әрі адамның тез қабылдауына кедергі келтіретіндей етіп жасалған, сондықтан олардың дизайны адамды бірден тартпайды. Осылайша мен ашық хаттарды қазіргі заманға сай негіздеп жасауды көздедім. Сөйтіп адамдардың көзқарасын ескере отырып, ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында қазақ тілінде осындай ашық хаттарды жасап көруге бел будым. Өзім кішкентайымнан сурет саламын және бұл қабілетімді әлі де шыңдап келемін. Сурет салуға деген қызығушылығым – осы қолөнер туындысын жасап шығаруда үлкен көмек болды.

Сөйтіп тәуекелге бел буып, осы істі бастап кеттім.  Бұл ойымды достарым да қолдады. «Алдағы уақытта түрлі ашық хаттарды жасап шығар, тоқтап қалма» деп шабыт бергендері болды. Сөйтіп ашық хаттарды дүкендерге арнайы тапсырыспен апартын болдым. Көпшілікке бұл туындыларым ұнағандықтан, тапсырыс берушілер де көп болды. Көп жағдайда дүкендерден ашық хаттарды шетелден келуші туристер алады екен. Олар үшін елдің отандық заттары қызық. Өзге ұлт өкілдері ашық хаттың сыртында қазақи нақышпен бейнеленген суреттерге таңданыстарын білдіріп, жазылған сөздердің де мағынасына да мән береді екен. Әрине, шетелдіктердің өзімізден шыққан дүниені алуы  өте қуантарлық жайт. Кез келген турист сол елдің өзінде өндірілген дүниені алғысы келеді. Ұлттық құндылығымыз кішкентай дүниеге дейін дәріптеліп жатса, бұл еліміздің үлкен жетістігі деп ойлаймын.

Идея авторы мен дизайн авторы өзіңіз бе?

Иә, идея мен дизайн авторы – өзім. Ашық хаттың сыртында жазылған сөздер де өзімнің ойымнан туындаған, кей кезде достарымның көмегіне жүгінемін. Араласатын ортамда ақындар өте көп. Сол кісілердің өлеңдерінің  ішінен бір-екі тармағын ашық хатқа енгізу үшін рұқсатпен аламын. Сөйтіп әлеуметтік желідегі инстаграм парақшамда туындыларымды жариялаған уақытта, ашық хатқа қай ақынның өлең шумағы жазылса, сол кісінің парақшасын міндетті түрде белгілеп кетемін. Бұл бір шетінен оларға арналған кішігірім жарнама. Достарымның арасында мықты ақындар мен композиторлар бар. Оларды да жарнамалау арқылы, қолдау көрсеткім келеді.

Алдағы уақытта осы қолөнер кәсібін дамыту ойыңызда бар ма? Әлде басқа да туындыларын шығарғыңыз келе ме?

Барлығы мүмкін. Себебі ашық хаттар менің алғашқы туындым емес. Мектеп кезінен білезік, моншақ, сырғалар жасап сататынмын. Бала кезімнен анама «Мен біреудің қоластында жұмыс істеп, бір бастыққа бағына алмаймын. Өзім үшін жұмыс істеп, адамдарға қуаныш сыйлағым келеді. Сол себепті гүл мен балмұздақ сатамын» деп айтатынмын. Бір жағынан бұл ісім бала арманымның бастамасы да болар. Енді алдағы уақытта сыйлықтар жасайтын дүкен ашсам деп ойлаймын.

Бұл бастамаңызды ата-анаңыз, достарыңыз, жақындарыңыз қалай қабылдады?

Бұл ойыма ешкім қарсылығын білдірмеді. Достарым, керісінше, еңбегімді бағалап, өздерінің инстаграм парақшасында жарнамалап, дүкендер желісімен таныстырды. Барлығы қолдан келгенше көмектерін аямады.

Тұтынушыларыңыз кімдер?

Тұтынушыларым өзімнің қатарластарым деп ойлаймын. Себебі үлкен кісілер ашық хатта жазылған сөздерді түсіне бермейді. Ал менің замандастарым заманауи дүниеге қызығушылықпен қарайды. Бұрын қазақ тіліне қызығушылық төмен болатын. Қазіргі кезде қазақ тіліне сұраныс көбейіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тілінде жазылған дүниелер сәнге кірді. Мысалы, Алматыда осыдан бірнеше жыл бұрын қазақша сөйлейтін адамдарды сирек кездестіретінмін. Бұл енді Кеңес одағынан қалған бір ұшқын болуы мүмкін.

Ал қазіргі уақытта ана тіліміздің сәнге кіруі – үлкен жетістік. Әрине, барлығы кішкентай қадамдардан басталады. Кішкентай қадамдар арқылы биік шыңды бағындыруға мүмкіндік бар. Енді мен өзімнің замандасатарымды қазақи нақышта жасалып, қазақ тілінде жасалған дүниелерге еттерін үйретіп, ұлттық құндылығымызға негізделген дүниелерді  әдетке айналдырсам, мұны еліме қосқан үлесім деп білемін. Жастар ашық хаттарда жазылған сөздерді өмірде айта бермейді. Мысалы, «Бауы берік болсын», «Қыз өссе елдің көркі», «Батырыма», «Биіктерден биігім», «Шай ішейік» сынды ашық хат сыртында жазылған сөздерге көздерін үйретіп, күнделікті өмірде қолдана білсе, жақсы емес пе? Біріншіден, сөздік қоры көбейсе, бір жағынан, екінші адамға қуаныш сыйлап, жүрегінің түбінен орын алады. Қазіргі уақытта ашық хаттар Алматының үш дүкенінде сатылымда.

Еңбегіңіздің бағасын қалай бағалайсыз?

Еңбегімнің бағасы көпшілік үшін қолжетімді деп ойлаймын. Өте қымбат қылып қойғым келген жоқ. Себебі өзімнің аудиториямды үлкен жетістіктерге жеткен, бай кісілер деп санамаймын. Олардың басым көпшілігі өзіміздің әзілді түсінетін студенттер мен оқушылар. Әрине, кез келген адам еңбегінің бағаланғанын қалайды. Ашық хаттар бағасы көлеміне қарай қойылады. Ең кішкентай ашық хаттар 300 теңгеден басталады.  Ал кей кездері тапсырыс беруші, ашық хаттың ерекше әрі көлемді болғанын қалайды. Бұл кезде еңбегімнің бағасы да көтеріледі. Кез келген ашық хатты сапалы әрі тартымды етіп жасау – басты міндетімнің бірі.

Осы саладағы үлкен жетістігіңіз қандай?

Ашық хатты тек қазақстандықтардың ғана емес, сонымен қатар шетелдіктердің де тапсырыс беріп алуы – мен үшін үлкен жетістік. Тіпті, шетелдіктер осындай ашық хаттардың бірнешеуін сатып алып жатады. Дәл қазіргі уақытта ұлттық құндылығымызды дәріптеп, оны барынша таныту біздерге жүктелген міндет деп білемін. Тілге, өз ұлтымызға деген қызығушылықты қолыңнан келетін, ойың жететін кез келген дүниеден бастауға болады. Әрине, бастауға да, бастамауға да себеп көп. Ашық хатта көбіне адамға ой салар өнегелі сөздер немесе қиялына қиял қосар тәлімді сөздер жазуға тырысамын. Бастысы жазылған дүниеге адам ерекше мән беруі керек. Қазіргі кездер тұтынушылар суретімен үйлесім тапқан сөздеріне, одан мағынасына  қарап алады.

Бәсекелестеріңіз бар ма?

Иә, әрине бар. Бірақ мен өзімді оларға бәсекелес деп санамаймын. Себебі олар бұл кәсіпті менен бұрын бастады. Мысалы, Меломан дүкендерінен осы сынды ашық хаттарды табуға болады. Дүкеннің өздерінің жасайтын адамдары бар. Әзірге бәсекелесім жоқ. Менің үйренерім көп. Әлі де жаңашылдыққа ұмтылу керек. Басты мақсатым бір орында тоқтап қалмай, ілгері жылжып отыру.

Ашық хат жасауға қанша уақытыңызды арнайсыз?

Жоқ. Тек шабыт келгенде ойланып, талқылап, содан соң іске кірісемін. Бірінің жұмысы тез аяқталса, бірінің жұмысы ұзақ уақытты алады. Ашық хаттың түсіне, әрпіне, жазылуына, көлеміне қатты мән беремін. Сөздер мен сөздердің, суреттің, көлемінің үйлесімділік табуы – сапалы дүниенің туындауына себепші. Ал сапалы дүние әрдайым сұраныста. Сұраныс жоғары болуы үшін тұтынушыларды қанағаттандыра білу керек.

Ашық хатқа қызығушылық танытқан тұтынушыларыңыз бұл туындыларыңызды қалай және қай жерден сатып ала алады?

Ашық хатты әлеуметтік желідегі инстаграм парақшамнан @shabyt_tubi тапсырыс беріп, ала алады. Парақшада ашық хаттардың түрлері мен бағасы көрсетілген. Өзінің идеясын ұсынып, арнайы ашық хат жасауды көздеген адамдардың да тапсырысын қабылдаймын.

Мариям, сұқбатыңызға көп рақмет! Еңбегіңіз жемісті әрі табысты болсын!