Weekend

Табиғатты қорғау: Ninety One мен Ұлыбританиялық Кейт Каннингем әлем назарында

Табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Естеріңізде болса, Ninety One тобы әлемдік проблемаларды кеңінен қозғаған «Bari Biled» туындысын көрерменге 8 тамыз күні ұсынған еді. "Табиғатты аялау" мен "әлемді сүюге" үгіттеген қазақ побының бұл туындысы шоу-бизнеске мүлдем бөлек тақырып пен тыныс әкелгендей болды. 

Той әндері мен классикалық әуендерді тыңдауға үйреніп қалған қазақ қоғамы мына әнді тыңдап, тағы да екіге бөлінді. Бірі бойзбенд көтерген проблеманы құптап, ризашылық танытса, енді бірі кезекті "хайп" деп қарап, оны қолдаудан бас тартты. 

Осылайша жақтаушылар мен даттаушылар «Bari Biled» әнінің клипін 2 айда 3 290 245 көрілімге жеткізді. Солардың ішінде 126 000 адамға өлең мен клиптің ұнағаны көрінеді. Оны лүпіл санынан білуге болады. Алайда 5 000 адам клипті ұнатпаған екен. 


«Қарашы, әне табиғат жылауда,

Күнде ағаштары кесіліп құлауда.

Аспан толған тұмша шаң,

Күн көзін жұмғанда көрінбейді шамдар», - деп бүгінгі күнгі ағаштардың азайып жатқанын автор бір шумаққа сыйғызып берген. 

Иә, расымен де қазір ағаш пен орман азайып барады. Оған себеп – өндіріске алынып жатқан ағаштар мен ағаштарды кесіп тастап, орнына әртүрлі ғимараттардың салынуы. Бұл поп тобы табиғатты аялауға шақыратын ән шығарып, адамдарға ой салуды мақсаттары етсе, келесі бір кейіпкердің табиғатқа деген махаббаты туралы естігенде жағаңызды ұстарыңыз анық.

Ұлыбритания тұрғыны және екі баланың анасы Кейт Каннингем ағашқа тұрмысқа шығыпты. Қалыңдықтың айтуынша, оның жігіті, үлкен ұлы, әкесі оның шешімін қолдаған және осы салтанатты шараға дайындалуға көмектескен. 34 жастағы әйел Ливерпуль қаласының жанындағы Лизерлендтегі Римроуз Вэлли саябағында орналасқан аюбадам ағашын өзінің «күйеуі» ретінде таңдаған. Осылайша ол саябақ арқылы салынып жатқан жаңа көшенің құрылысына қарсылығын білдірді. Енді ол тегін Кейт Элдер (Бузина) деп өзгертуді жоспарлап отыр.

 

- Менің анам демікпеден қайтыс болды, ал менде бронхоэктазия. Ағаштарды құлатып, орнына кептеліске толған көше салу – денсаулығымызға қауіпті. Мен тұратын ауданның экологиялық жағдайы онсыз да нашар. Сондықтан біз жағдайды жақсартатын шешімнің қабылдануын сұраймыз, - деді қалыңдық. 

Негізі бұл ақылға қонымсыз шешім секілді көрінеді. Бірақ қалыңдықтың табиғатқа деген махаббаты адам баласын таңдандырмай қоймайды. Бұл туралы "The Mirror" басылымы жазды. Шетелдік басылымдардың әлемдік проблемалар негізінде әртүрлі ақпараттар мен материалдар жариялап, оларды шешуге тырысып жатқаны қуантады. Отандық Ninety One тобы да олардан қалыс қалар емес. Олар әлі де қазақтың музыка әлемін ғана емес, әлемдік музыканы дүр сілкіндіреді деп күтеміз.

Міне, табиғатты қорғау мақсатында әркім қолынан келгенін істеп әлек. Ал сіздің қолыңыздан не келеді? Табиғатты қорғау мақсатында қабылдаған өзіндік ерекше шешіміңіз бар ма?