Bugin
Мыңдаған тонна бензин көрші елге кетіп жатыр
Енді Қазақстаннан арзан бензинді де, дизельді де, мұнай өнімдерін де көрші елге алып өтуге, құйып әкетуге тыйым салынды. Қазақстан билігінің мұндай қадамға баруына елде өндірілген арзан бензин мен жанар-жағармайды ресейліктер келіп, жиі құйып әкетуі себеп болған.
- Ресейден мыңдаған көлік келеді. Бәрі бензин әкетеді. Бакты толтырса мейлі ғой. Жеңіл көліктің иелері канистр ыдыстарға бензин толтырып алады. Ал жүк көліктің иелері қосымша бак қойып алып, соған 3-4 тонна бензин толтырып алады. Сонда мыңдаған тонна бензин мен дизель шетелге кетіп жатыр. Яғни, біз өзге елдің экономикасын субсидиялап отырмыз, - деді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, енді бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Мемлекеттік кірістер комитеті айналысатын болады. Яғни, ресейлік көліктердің енді 20 литрлі канистрден басқа ыдыстармен бензин алып өтуіне тыйым салынатын болады.
- Енді бұл елден ештеңені де тасып әкете алмайды: арзан бензинді де, дизельді де, мұнай өнімдерін де. Ешқандай елге, - деп атап өтті Бозымбаев.
Айта кеткен жөн, Қазақстандағы бензин бағасы Ресейдегі бензиннен әжептәуір арзан. Мәселен, АИ-92 маркалы бензин біздің елде 150-155 теңгенің айналасында болса, Ресейде 230-260 теңгенің айналасында.