Bugin

Тоқаев биыл Мәскеуде өтетін әскери парадқа бармайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нақтырақ айтсақ, Мәскеу билігі биыл 9 мамырда өтетін әскери парадқа шетелдік қонақтарды шақырмаған көрінеді. Мерекені жеке өздері қарсы алмақ. Мұны бүгін, 29 сәуір күні, Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Песковтің мәлімдемесінен Мәскеудің нақты Тоқаевты да әскери парадқа шақырмағаны белгілі болды. Брифингте РИА Новости агенттігінің журналисінің «Путин бүгін [Қазақстан президенті] Тоқаевпен сөйлескенде оны 9 мамырда Мәскеудегі парадқа шақырды ма?» деп сұрағанда Песков:

«Жеңіс күніне біз шетелдік лидерлерді шақырмаймыз. Бұл – дөңгелек дата емес. Бұл – біздің мереке, бұл – бүкіл Ресей мен ресей азаматтары үшін қасиетті мереке. Бұған бірақ шетелдік лидерлерді шақырмаймыз», - деп түсініктеме берген.

Сондай-ақ, Песковтың сөзіне қарағанда, Беларусь президенті А.Лукашенко да парадқа келмейді.

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күні Кремль билігі үшін өте маңызды дата. Украинаға «арнайы әскери операция» жүргіземіз деген желеумен басып кірген ресей әскері осы Жеңіс күніне отандастыран үлкен сый дайындауы тиіс еді. Алайда Киевті басып ала алмаған орыс әскері кері шегініп, қазір Донбастың түбінде аянбай шайқасып жатыр.

Шетелдік барлау қызметінің мәліметінше, Ресей әскері жоқ дегенде осы 9 мамырға дейін Донбасты толық басып алып, «азат ету операциясын» аяқтауды көздеп отырған көрінеді. Алайда Ресей әскері өзінің ықпалы мықты Донбасты да басып ала алмай жатыр.

Осы орайда айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ президенті В.Путиннің телефонмен сөйлесті. Сөз барысында көрші елдің басшысы Тоқаевты мамырдың ортасында Мәскеуде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының мерейтойлық кездесуіне қатысуға шақырған көрінеді.

Тағы да айта кететін нәрсе - биыл Қазақстан да 9 мамырда әскери шеру өткізуден бас тартты. Елдің Қорғаныс министрлігі әскери шеруді өткізуге қаржы бөлінбегенін айтып, министрліктің басты міндеті - әскерді дайындықта ұстау керегін еске салып, сонымен айналысатынын алға тартты.