Weekend

Дат-3. Рэп айтыс. Еліміздегі қазақша рэп қандай деңгейде?

Бұл маусым басқалардан өзгеше...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2018 жылы бастау алған "Дат" бағдарламасы осы жылы бір жылдықтарын тойлады. Бір жыл ішінде 3 маусым түсіріп, оның 2-еуін көрерменге ұсынған еді. Ал қазір қозғайтын тақырып "Даттың" 3-маусымы туралы болмақ. 

Қараша айының 7-ші жұлдызында Метро клубында бағдарламаның кезекті маусымы түсірілді. Көремін деушілерге есігі ашық болды (кіру тегін). "Бұрын-соңды болмаған жобаны халыққа ұсыну арқылы қазақ қоғамындағы жастарды үкімет, билік санасатындай дәрежеге жеткіземін" деген жоба ұйымдастырушысы Ықылас Тұрсынбек уәдесін орындау шараларын жүргізіп жатқан секілді. Бұл маусымға Йернар VS Nur Qarasound, De-Niro VS Eyecandy, Jandos VS Nonamer, Madog VS Madon қатысты. Бұл рэперлердің баттлында Ерболат Құдайберген, Садық Шерімбек, Smitty, Onbagan және M-DI секілді рэпте, интернет әлемінде, жалпы өнерде жүрген жұлдыздар қазылық етті. 

Бұл маусым да үш кезеңнен (раундтан) тұрды. 1-кезеңде қатысушыларға тақырып берілді, олар тақырып аясында ғана ой қозғады. 2-кезең еркін түрде болды. 3-кезеңде қатысушылар биттің үстінде рэп оқыды. Алғашқы екі кезеңде олар дайындап келген мәтіндерін акапеллада орындады.

ДАТ-3 туралы жоба ұйымдастырушысының пікірі қандай?

Ықылас Тұрсынбек (AQYN): Ұйымдастырушылық жағы алғашқы екі маусымға қарағанда оңай болды. Себебі... Тәжірибе... Бұл маусымда бірінші маусымдағыдай қиналған жоқпыз. Алдыңғы маусымдарда бұған қарағанда көп еңбектендік, соның өзінде көрерменге салыстырмалы түрде сапасыз контент ұсынылды. Алғашқы кезде өзімізді жол жоқ жерден жол салып өткендей сезіндік. Өзіміз үйреніп алғандықтан, осы жолы қиындыққа ұшырамадық. Негізі бұл жолғы маусым жоспарлы түрде тез ұйымдастырылды.

Қуантатыны – осы жолы рэперлердің үлкен дайындықпен келгендігі. Әділ-қазылар да баттлдарды әділ бағалай алды. Көрермен ретінде Zaq, Atilla секілді белгілі рэперлер төбе көрсетті. Мұның өзін – біздің "Даттың" өсіп жатқаны, баттл рэпті халықтың мойындап жатқаны деп есептеймін.

Егер көрерменді 1-сыныптың оқушысы деп алатын болсақ, ол келе салып бірден қиын тапсырмаларды орындай алмайды. Барлық әрекет сатымен көтеріледі. Сол секілді қазақ аудиториясы бізді көріп, түсінбей, "Бұлар жат ғаламшардан келді ме өзі?!" деп жүрген болар. Көрермен бұған енді үйреніп келеді. Әлі-ақ толық қабылдайтын болады.

Ұйымдастыру барысында әрбір рэперге тақырып берілді. Олар соның аясында мәтіндерін дайындаған болатын. Тақырыпты ең үздік ашқан жігіт - De-Niro. Одан басқа Йернар мен Nur QaraSound-та өздеріне берілген тақырыпты аша алды.

Хейтерлерге айтарым: Датты көріңдер. Бұл ешқандай да "хитовать" ететін нәрсе емес. Бұл – тіпті, қоғамның айнасы. Күнде естімей жүрген боқтық емес, естімей жүрген рэп емес. Дат – екеуінің қосындысы, баттл рэп.

Қатысушылардың өздері және баттл туралы ойлары

Өзіңізді қаншалықты көрсете алдыңыз?

Йернар: Бүгінгі баттлда өзімді 75%-дай көрсете алдым, 100% емес. Кішкене қобалжыдым. Қарсыласым бір орында тұрмай, әрі-бері жүргендіктен, ойым да шашыраңқы болды.

Nur QaraSound: Бұл жолы өзімді алдыңғы маусымдарға қарағанда өте еркін ұстадым. Сол жағым көп пайдасын тигізді. Ал жалпы баттлдың басынан өрбу процесін алсақ қарсыласым өмірде де, өнерде де досым болғандықтан, мәтін жазу барысында өзімді өте көп тежедім. Баттл өтеді, кетеді! Ал біз ары қарай дос болып қаламыз. Осыдан кейін-ақ өзімді қаншалықты көрсеткенімді есептей беріңіздер.

De-Niro: Өзімді 50% көрсеттім. Себебі қарсылас адам қаншалықты биікте тұрса, өзіңді көрсетуге деген мүмкіншілік те соншалықты көп болады. Ал бұл жолғы қарсыласымды аса танымағандықтан, өзімді толықтай көрсете алдым деп ойламаймын.

Eyecandy: Өзімді нашарлау көрсеттім. Себебі менің жазған мәтінім ұзақ болды, ал мен оның жартысын ғана айттым.

Jandos: Өзімді толықтай көрсете алмадым. Дәлірек айтқанда қарсыласымды менсінбей қарадым. Ал бұл әрекетім қате болды.

Nonamer: Өзімді жоғары деңгейде көрсете алдым. Өзім күткеннен де жақсы болды.

Madog: Бұл сұраққа өзімді сырттай көрген соң ғана, яғни, баттл ғаламторға шыққанда жауап бере аламын.

Madon: Өзімді 50%-ға көрсеттім. Себебі өзім жазған мәтіннің жартысын ұмытып қалдым. Алайда қалған жартысының өзі маған біршама көмектескен секілді.

Қазақстандағы қазақша рэп батл қандай деңгейде?

Йернар: Еліміздегі рэп баттл кішкентай бала секілді, енді ғана тәй-тәй басып келеді. Қатты нашар деңгейде емес, сонымен қатар керемет деп те айту қиын. Әзірге даму процесінде дегенім дұрыс болар.

Nur QaraSound: Қазір алдыңғы өткен 3 маусымға қарап, орташадан төмен деген баға беремін. Соңғы маусымда өзімді кінәлі сезіндім. Себебі өзімнен кейінгі қатысушыларға баттл дегенді "күлдіру" деп түсіндіріп алған сияқтымын. Баттл рэптің КВН-ге айналып бара жатқанын сезіндім. Ол болмау керек демеймін. Болу керек. Бірақ ауылдағы ішіп алған "братандардың" әңгімесі керек емес сияқты немесе тізесі шыққан әзілдерді қосу қарнымды аштырады. "Күлдірсем болды, жеңеді екенмін" деген ойдан арылу керек. Стиль қалыптастыру керек. Қатысушыларға мінез керек. Бұл - баттл!

De-Niro: Қазақша рэп баттл еңбектеп келе жатқан баладай, әлі өспеген.

Eyecandy: Елімізде рэп баттл жақсыдан төмен деңгейде деп ойлаймын. Себебі рэперлер оны 100% түсініп жасайды, бірақ көрерменнің әлі күнге дейін түсінбейтіні көңілді түсіреді.

Jandos: "Датқа" дейін бұрынғы бірқалыпты деңгейде еді. Ал қазір "Дат" пайда болғалы жоғарғы деңгейде болмаса да, соған ұмтылып жатыр.

Nonamer: Рэп баттл денгейі өте төмен. Бірақ "Дат-3"-тен кейін көзқарасым сәл өзгерді. Ұйымдастырушы Ықыласқа құрмет!

Madog: Әзірге жоғары деңгейде емес... Жоғары деңгейге шығу үшін бұл істің қыр-сырын түсінетін, ұғатын адамдар көбеюі керек.

Madon: Қазақстанда осы "Дат" баттл бірінші орында тұрған секілді. Бұл – ең мықты жоба. Ал әлемдік деңгеймен салыстырмалы түрде қарасақ, ең төменде...

Осы батл, осы алаң арқылы көрерменге не айтқыларыңыз келеді?

Йернар: Көрерменге қазақ тілінде де осындай баттлдар жасай алатынымызды айтқым келеді. Сонымен қатар көрінбей жүрген жас таланттарды елге көрсетіп, танымал қылу да мақсатымызда бар.

Nur QaraSound: Қазақстандағы рэп орындаушылар әншілердің немесе q-pop бағытындағы әншілердің көлеңкесінде қалып қоймаса екен деймін. Ал оны болдырмаудың бірнеше жолы бар. Соның бірі - оффлайн баттлдар. Сол арқылы біз өзімізді көтере келе, халықтың да мұңын айта аламыз. Себебі біздің субмәдениет соны талап етеді және сол үшінде жобаның аты "ДАТ" деп аталды. Соңғы маусымда саясаттан сәл-сәл түртіп өттік. Демек біз басында жоспарлаған жолға дұрыс түсіп келе жатырмыз.

De-Niro: Көрерменге ішкі ойымыз бен рэп мәдениетіндегі кемшіліктерді көрсету, айту және қоғамдық пікірді қалыптастыру – біздің басты мақсатымыз.

Eyecandy: Менің айтқым келгені – кез келген рэпер кішкене еңбектенсе, жобада катысушы бола алады.

Jandos: Мен жеке өзім "Датқа" төртбұрышты сұрланған бөлмеден шығып, демалу үшін барамын. "Дат" арқылы біреуге ақыл айтып, тәрбиелеуден аулақпын. Мұнда өзімнің ойымда жүрген заттардың барлығын айтуға тырысамын, сол айтылғандардан көрермен өздеріне  керегін реттеп алар.

Madog: Мен жеке өзім жай баттл рэптың не екенін көрсеткім келеді. Баттл рэп деген - екі рэпер сынасатын орын, екі эмсидің бір-біріне деген қарсылығы, екі көзқарастың қарсылығы.

Madon: Мен патриотпын, халқыма жаным ашиды. Біздің көрерменнің, халықтың ойын биліктегілерге жеткізгім келеді. Олардың біз арқылы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асқанын қалаймын. Сонымен қатар көрерменге бұл өнердің жаман еместігін, қай өнердің болсын жағымды жақтары болатынын айтқым келеді.

Дат сіз үшін 3 қана сөзбен?

Йернар: "Дат" - ішіңдегі агрессияны шығаратын алаң.

Nur QaraSound: "Дат" - қазақ рэптің болашағы!

De-Niro: "Дат" - айтыстың жаңа форматы.

Eyecandy: "Дат" - панч, ұйқас, кайф.

Jandos: "Дат" - қазақша рэп баттл!

Madog: "Дат" - battle rap алаңы.

Madon: "Дат" - ең мықты жоба.

Дат-3-тен көрермен мен хейтерлер не күтуі керек? Соның ішінде сізден ше?

Йернар: Көрермен де, хейтерлер де сапалы баттл күтулері керек. Көбісінің "Мына бала жеңіледі ғой" деген әсерді күтетіндері анық.

Nur QaraSound: 3-маусымнан көрермен өте ыстық баттл күтеді және ол үміттері ақталады деп ойлаймын. Ал хейтерлер сен қанша жерден мықты дүние жасасаңда бірнәрсе ойлап табады. Сондықтан оларға көп мән бермеймін. Ал менен күткендерін бере алмаған сияқтымын. Сол үшін кешірім сұраймын.

De-Niro: Көрермен менен мықты "паныштар", ал "Даттан" өздері күткен шоудан да ыстық дүниелер күтулері керек. Хейтерлердің әдеттегідей іштері өртенетіні белгілі.

Eyecandy: Алдағы уақытта өте қызықты жұптар шығады. Олардан барлығын күтсін. Ал менен көп зат күтпегендері дұрыс.

Jandos: Нақты мынадай нәрсе күтсін деп айта алмаймын. Себебі түсірілімде болғандар білетіндей 3-маусымда неше түрлі қызықтар болды және өте ыстық болды. Жалпы өткен баттлдардан жоғары деңгейде өтті.

Madog: Нағыз баттл күтсін!

Madon: Бұл маусымда рэп сүйер қауым мені асыға күткендей көрінеді. Осындағы достарым маған "шоумэн" деген атақ берген, соған сәйкес көрермен де менен шоу күтетін секілді.

Көрерменнің жаңа маусым туралы пікірі

Аtilla: Қазіргі уақытта рэптен алшақтап кетсем де, осындай "Дат" секілді жиын, құрылтайларға қатысып тұрамын. Маған қазақ рэбінің дамып жатқанын бақылау қызықты. Өйткені рэп - өз алдына күрделі өнер. Осы жақтағы қатысушылардың сөз саптаулары эстрадағы өнерге қарағанда өте күрделі. Рэп уақыт пен еңбекті талап етеді. Қатысушыларға келсек... Алдыңғы маусымда болмадым, бірақ ғаламтордан көрдім. 3-маусымды тірідей көргеннен кейін, қатысушылардың деңгейінің өскені байқалды. Менің түсінгенім, олардың дайындықтары мен көрермен алдындағы жауапкершіліктері артқан.

Тұран Мұрал: Мен "Дат" жобасында алғашқы рет болдым. Бірінші рет болған соң ба, маған ерекше әсерлі болды. Өзім бұрын рэппен айналысқан адам ретінде, олардың өнерін шынымен де бағалай алатын адамдардың бірімін деп есептеймін. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы Қазақстанның рэп деңгейімен қазіргі осы "Датта" болған адамдардың дәрежесін салыстыратын болсақ, ілгерілеушіліктің бар екені көрінеді. Қазақстанда жақында рэптің мәдениет ретінде қалыптасатынына сенімдімін. Бұған дейін қазақша рэптің арқасында коммерциялық тұрғыдан табысты болған адамдарды көрмедім. Осы "Дат" жобасынан кейін еліміздегі рэптің болашағы бар екеніне көзім жетті. Болашақта өзім де рэппен айналыссам ба деген ой келді. Бізге қазіргі кезде қай жағынан болсын қолдау керек секілді. Мүмкін маркетинг жағынан болар... Егер мемлекеттік ұйымдар бұл жобаға қолдау жасаса, болашағынан үміт күттіретін жоба.

Әділ-қазылар жобаның үшінші маусымы жайында не дейді?

Smitty: Осымен "Даттың" үшінші түсірілімі аяқталды. Әр маусымның бұрынғыдан асып түсіп жатқанын байқамау мүмкін емес. Рэперлердің өскені көрініп тұр. Олардың алдыңғы маусымдағы "қате жіберіп, ұятқа қалу" сынды кемшіліктерден толыққанды құтылғандары көзге түседі. Өткен екі маусымды жаман демеймін, алайда үшінші маусым "экшнға" толы болды.

Onbagan: "Даттың" үшінші маусымы өте жоғарғы деңгейде өтті. Алдыңғы маусымдарға қарағанда деңгейдің өскені көрініп-ақ тұр. Көңілден шықты. Алайда кейбір тағы да қарауға тиісті сәттер де болды. Бұрынғымен салыстырғанда қазақша рэптің күннен күнге дамып жатқаны қуантады. Оны эстрадаға кіргенінен байқауға болады. Алайда өзіміздің нарықтан шығалмауда. Соны қолға алсақ деймін. Баттл барысында рэперлерді бағалау оңай болмады. Себебі әрқайсысының техникаларының дамығаны, жалпы қалыптасқаны байқалады. Қазылық еткен әсерлі болды, сонымен қатар бізден жауапкершілік талап етілді.

Желтоқсан айынан бастап 3-маусым youtube-тегі "Дат" арнасына салынатын болады. Кімнің жеңіске жеткенін немесе кімнің жеңілгенін сол кезде көретін боласыздар.