Bugin
"Болашақта қазақ тілін үйренетін қытайлық студенттер көбейеді. Бұл фактінің маңызы зор"
Қытайдың Қазақстандағы өкілетті елшісі Чжан Сяо Қытайда білім алған қазақстандық студенттер мен Қазақстанда қазақ тілін меңгеріп жатқан қытай студенттерімен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кездесті.
Елші қытай жастарының ішінде қазақ тілін үйренуге қызығушылығы артқан студенттер көп екенін айтады.
- Қазақстанның жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен мәдениетін оқып жатқан қытайлық студенттер бар. Олардың қазақ тілін меңгеріп жатқанына ұзақ уақыт болмаса да, жақсы меңгергенін бүгін әңгімелесу барысында куә бола аласыздар. Қытай студенттерінің қазақ тілін үйренуі – біздің алғашқы тәжірибеміз. Болашақта қазақ тілін үйренетін қытайлық студенттер көбейеді. Бұл фактінің – маңызы зор. Біріншіден, екі ел арасындағы мәдени және білім алмасудың тереңдегенін, мемлекетаралық қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін білдіреді. Екіншіден, қытайлықтардың Қазақстанға және қазақ мәдениетін үйренуге, екіжақты дәстүрлі достықты ғасырдан ғасырға жеткізуге құлшынысы артқанының дәлелі, - деді ол.
Студенттерге арналған кездесуде Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Сиань қаласында қазақ тілін үйреніп жатқан қытайлықтарды тәжірибе алмасуға шақырды.
- Қазақстан мен Қытай достық қатынасының тарихы тереңде жатыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл қарым-қатынас Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің жақын достық қатынасы арқасында қарқынды дамыды... Біздің университетіміздегі Конфуций институтында қазақстандық студенттер қытай тілін, мәдениетін үйреніп жатқанына ұзақ уақыт болды. Бұл институттың оқытушылары менің "Шәкәрім" еңбегімді қытай тіліне аударып берді. Алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, Қытайдың Сиань шет тілдер мемлекеттік институтында университетіміздің өкілдері бар. Сол институтта қытайлықтар қазақ тілін үйреніп жүр. Оларды тәжірибе алмасуға, қазақ тілін жаттықтыруға елімізге шақырамын, - деді ол.