Bugin

Павлодар көшелеріне Бұқар жырау, Шәкәрім, Едіге би, Әлихан мен Ермаханның есімдері беріледі

Ономастика

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Павлодар қаласындағы көшелерге Едіге би, Бұқар жырау, Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейхан, Ермахан Бекмаханов, Сағадат Нұрмағамбетов есімдері берілмек. Мұны pavlodarnews.kz хабарлады.

«Колос» орталығында Павлодар қаласының кейбір көшелерін қайта атау мәселесі бойынша көшпелі тыңдау өтті. Тыңдауға қоғамдық кеңес мүшелері, Құрметті азаматтар, ардагерлер, қала тұрғындары, қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы орган және БАҚ өкілдері шақырылған.

Тыңдау барысында Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева көше атауларын өзгерту бойынша түскен ұсыныстарды атап өтті. Оның айтуынша, С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары мен профессорларынан Димитров көшесін – Жүсіпбек Аймауытов, 1 Май – Мәшһүр Жүсіп, Карл Маркс – Әлихан Бөкейхан, Киров – Ермахан Бекмаханов, Короленко – Бұқар жырау, Ж.Аймауытов – Ақжол, М.Ж.Көпеев – Ақбеттау, Бестужев – Шәкәрім Құдайбердиев атауларына ауыстыру туралы ұсыныс түскен. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қанидан Володарский көшесін – Желтоқсан, Большая Обьездная – Жібек жолы деп атау, қалалық зиялы қауым өкілдерінен, «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасынан және Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалыдан Крупская көшесін – Едіге би, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың директорынан Чкалов көшесін – Сағадат Нұрмағамбетов атына беру, облыстық ардагерлер кеңесінен Пахомов көшесін – Қабдеш Нұркин атымен атау туралы ұсыныс түскен.

- Әлем тарихы – ұлы тұлғалардың биографиясы. Көше, саябақтардың атауы – біз тұратын өңір жайлы мәлімет беретін құрал. Бүгін 1 мамыр көшесі туралы басқаша ойлар айтылуда. Біз бұндай мерекелерді тойлап өскеніміз белгілі. Бірақ идеология, мемлекеттің қоғамдық құрылымы өзгерді. Әлеуметтің логикасы бұндай даталарды қабылдамайды. Сондықтан заңға қарсы келген ештеңесі жоқ деп ойлаймын. Келер жылы фашизмді жеңгеннің 75 жылдығын барлығы тойлайды. Тарихқа, жеңісте генералдың да, қатардағы жауынгердің де орны бірдей. Сондықтан Павлодар қаласының көшелерінің бірінде генерал Сағадат пен қатардағы жауынгер Қабдештің аты тұруы – құптарлық іс. Мен бұл көшелердің атауы өзгертілуін қолдаймын, - деді еңбек ардагері, заңгер Боранбай Ысқақов.