Глубокое ауданындағы 42 көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға, сондай-ақ шағын-орталықтарға тегін барады. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 2,3 млн. теңге қарастырылған. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Қалихан Байғонысов мәлім етті.
- Көпбалалы отбасынан шыққан 462 оқушыға 8,6 млн.теңгеге мектеп формасы сатып алынды. Сонымен қатар 786 бала ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілді. Олардың дені көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленуде, - деді Қалихан Байғонысов.
Ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін ауданда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 1300 адамға тағайындалды. Оның ішінде 781 бала тұратын 262 көпбалалы отбасы бар.
Глубокое ауданында көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қайталама тұрғын үй нарығында 13 көпбалалы отбасы үшін жалпы сомасы 31,1 млн.теңгеге 13 үй сатып алынды.