Спорт
Португалиялық маман жаңа клубта бұрынғы бас бапкерден екі есе көп жалақы алады
Португалиялық маман Жозе Моуриньо англиялық «Тоттенхэм Хотспур» командасының бас бапкері қызметіне тағайындалды.
Моуриньо 2014 жылдан бері бас бапкер болған Маурисио Почеттиноның орнын басты. Ол соңғы рет «Манчестер Юнайтед» клубының бас бапкері болған еді. Португал маман одан былтырғы жылдың соңында кеткен болатын. Оған дейін «Челси» клубымен үш рет АПЛ-да (2005, 2006, 2015) чемпион болды.
Daily Mail мәліметінше, Моуриньоның жаңа клубпен келісімшарт мерзімі 2023 жылдың жазына дейін. Оның жалақысы £ 15 млн екен, яғни ол бұған дейін клуб тізгінін ұстаған Маурисио Почеттинодан екі есе көп жалақы алады.
Айта кетейік, «Тоттенхэм Хотспур» биылғы маусымда 12 матчта 14 ұпай жинап, турнир кестесінде 14-ші сатыға тұрақтады.