Саясат
Сараптамалардың қорытындысы шықты, барлығы қылмыстық іске енгізілді
Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыповтың айтуынша, сараптамалардың қорытындысы бар, барлығы қылмыстық іске енгізілді.
"Қазіргі кезде қылмыстық істі тергеу аяқталуға жақын. Әзірше кімді жауапқа тартып жатырмыз? Қандай кінә артып отырмыз? Ондай детальдарды айтып бере алмаймыз. Себебі "алдын ала тергеудің құпиясы" деген түсінік бар. Желтоқсан айында істі аяқтаймыз деп ойлаймын. Сөйтіп, барлық материалды сотқа жібереміз", - деді Жақыпов.
Оның сөзіне қарағанда, сотта қылмыстық іске қатысты барлық мәліметтер жарияланады.
"Сот ашық немесе жабық үлгіде өтуі мүмкін. Дегенмен үкім жарияланғанда бәрі ашық айтылады", - деп атап көрсетті Жақыпов.
24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілген болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
11 қазанда Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы көз жұмды.