Bugin

ШҚО-дағы колледждерде болашаққа қажетті мамандар даярлануда

IT-Шығыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметов техникалық және кәсіптік білім беру саласы туралы айтып берді.

Биыл Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген сараптама жұмыстарының нәтижесінде жоғары сұранысқа ие 100 мамандықтың 65-сі техникалық және кәсіптік білім беру саласының мамандары екені анықталды. Оның ішінде ІТ-мамандар, 3D модельдеу және бағдарламалау бойынша инженерлер, "ақылды қала" салу үшін сәулетшілер мен жобалаушылар, мультимедиялық және графикалық дизайнерлер, өндірісті автоматтандыратын мамандар бар.

Бүгінде еңбек нарығы жаңа технологияларды жетік меңгеретін мамандарды талап етеді. Сондықтан техникалық және кәсіптік білім беру саласына баса назар аудару қажет. Осы бағытта облыста тиісті шаралар жүргізілуде. Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын дамытудың кезеңдік жоспары құрылған. Ағымдағы жылы облыстағы 14 колледждегі 32 кабинет қайта жабдықталды. Болашақ жас мамандарға сапалы білім беру үшін өндіріс орындарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істелуде. Семейдегі Электротехникалық колледж бен Өскемендегі политехникалық колледждің базасында ІТ-бағыттағы орталықтар ашылған. Оған облыстық бюджеттен 398 млн теңге бөлінді. Өскемендегі көпсалалы технологиялық колледжде "KAZMINERALS"-тің қолдауымен арнайы орталық ашылды. Оған қажетті құрал-жабдықтарды алуға 300 млн теңге бөлінді.

"Жас маман" республикалық жобасы аясында 2021 жылға дейін облыста өнеркәсіп, қызмет көрсету, құрылыс және көлік сияқты 8 орталық ашылады.

Жалпы, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін инвестициялауға 7 млрд теңге қарастырылған.

Бағдарламаның басты мақсаты - 2022 жылға дейін орташа білім алған мамандардың кәсібилігін 24%-ға көтеріп, колледж түлектерінің 16%-ын жұмыспен қамтамасыз ету.

Айта кетейік, ШҚО-дағы колледждердің студенттері халықаралық WorldSkills қозғалысына қатысып, жұмысшы мамандықтарының маңызды рөл атқаратынын дәлелдеп жүр. Соңғы екі жылдың көлемінде біздің облыстың құрамасы республикалық жарыста көшбасшы атанды. Оған дәлел де жетерлік. Қазақстан құрамасы (команданың негізін ШҚО-ның жастары құрады) 45-ші WordSkills Kazan әлемдік чемпионатында жүлдемен оралды. "Авиациялық жүйені пилотсыз басқару" режимі бойынша қазақстандықтар мехатроника бойынша «Medallion for Excellence» және "Вest of national» медальдарын иеленді.