Саясат
Бәрі экстрадициялаудан басталды
ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ең ірі наразылықтың бірі Гонконг толқуын көзбен көрген сондағы қазақ студенттерінен сұхбат ұсынамыз. ҚР СІМ-нің арнайы операциясымен елге оралған Айжан мен Ғалым қазір оқуын онлайн түрде жалғастыруда.
Қылмыстық іске күдікті саналғандарды Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасы жаздың басынан бері Гонконг халқын дүрліктіріп, қарсылық акцияларға шығуға түрткі болды. Наразылар осы құжаттарды дисссиденттер мен нақақ сотталғандарды Қытай сотының қолына беру үшін пайдалануы мүмкін деп санайды. Соңғы кездері заң жобасына қарсылықтан басталған демонстартивті толқулар Қытайдан Гонконгтің егемендігін қорғау деңгейіне дейін көтеріліп, наразылық үдей түсті.
Бұған дейін ҚР СІМ мен Гонконгтағы Қазақстан елшілігі жарты жылға жуық наразылық акциясынан көз ашпаған Гонконгқа баратын азаматтарға бірнеше мәрте ескерту хабарламасын жасап, жаднама ұсынған болатын. Апта басында, қарашаның 18-і Қазақстанның СІМ Гонконгтағы деструтивті сипат алып, өршіген қақтығыстардан соң ондағы қазақстандық студенттерді қайтарды. Ведомство 118 студенттің елге жеткізілгенін, әлі алда тағы 48 студентті қайтаруға қамданып жатқанын хабарлаған. Бірақ дәл сол күні гонконгтық полиция баптистер университетінің 1-курс студенті қазақстандық Әбілқайыр Нұқпиді ұстағаны туралы ақпарат тарады. Гонконгтан оралған қазақ студенттерімен сұхбаттасып көрдік.
«Екі жүйедегі бір елдің» басына туған күн
Шетелдік ЖОО-ның грантымен білім алып жатқан Айжан Құрман (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертіліп берілді - ред.) Қытайдың «о баста Ұлыбританиямен жасасқан декларацияның қағидаларын бұзып жатқанын сезіп, экстрадициялау туралы заңға қарсы шеруге шыққанын» айтады. «Десе де көп ұзамай ереуілшілерді тарату үшін полиция көз жасауратқыш газ құралын, су зеңбіректерін, бұршақ дорбаларын қолдана бастады» дейді ол.
Өзінің атын атамауын сұраған Ғалым Адамбаев (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертіліп берілді – ред.) «бәрі экстрадициялау туралы заңға қарсы бейбіт шеруден басталды» деп есіне алды. Студент Ғалым:
– Бір сәтте 8 миллион тұрғыны бар шаһардың 2 миллионы орталық көшелерге шығып, өзінің наразылығын шеру арқылы білдірген. Бір қызығы, еш қақтығыссыз бейбіт түрде өтті, тіпті қалың топтың арасында жедел жәрдем көліктері еркін қозғалды. Өкінішке орай, басы тыныш болғанымен, аяғы баррикадалық қақтығысқа ұласты, – дейді.
Экстрадициялауға қарсы наразылық наурызда басталған. 30 наурыз 2019 жыл. Фото: Harry Wai/NurPhoto
Гонконг жұртын жарты жыл көшеге шығарған 5 себеп
Инженерлік салада білім алып жүрген Айжанның сөзінше, наразы гонконгтық қоғамның негізгі бес талабы бар. Мұны куәгер студенттің бірі Ғалым да растайды. Олардың айтуы бойынша әрі БАҚ хабарларына қарағанда, негізгі талаптар мынадай:
1. Заң қабылдау процесінен экстрадициялау туралы заңды күн тәртібінен мүлдем алып тастау. Наразылықтар нәтижесінде бұл заң жобасы 23 қазан күшін жойды.
2. Қамауға алынған барлық наразыларды босату әрі ақтау – рақымшылық жасау.
3. Биліктің наразыларды «бүлікші» (rioters) деп бағалауын доғару.
4. Күштік құрылымдардың құзіреті мен полицияның өкілеттіктерін асыра пайдалануына қатысты бейтарап түрде тәуелсіз тергеу жүргізу.
5. Айжан Құрман: Ешбір ықпалсыз, өз бетінше басшы таңдау құқығы мен жалпыға ортақ сайлау құқығымен қамтамасыз ететін негізгі заң қабылдау.
Ғалым Адамбаев: Қазіргі үкімет басы Кэрри Ламды қызметінен босату және жалпы дауыс беру құқығын орнату. Бүгінгі таңда Гонконг үкіметбасын Қытай Коммунистік Партиясы төрт жыл сайын тағайындайды.
Гонконгта экстрадиция туралы заңға қарсы санкцияланбаған митинг. 9 маусым 2019 жыл. Фото: Anthony Kwan/Getty
«Қытай қолжаулығына айналған Гонконг полициясының шетін әрекеттері»
Дәл осы тәрізді айыптаулар әлемдік ақпарат көздерінде кезіп жүр. Мұндай деректер наразылардың белсенді тобы тарапынан күнбе-күн артып келеді. Әлем назарын аударған Қытай ішіндегі ерекше аймақта болып жатқан жағдай туралы әртүрлі деректер кеңінен тарауда. Кейбір дереккөздерге қарағанда, «полиция бірнеше мәрте баспасөз бен дәрігерлерге шабуылдау арқылы халықаралық гумандық заңдарды бұзған. Тіпті көз жасауратқыш газды көзге тақап тұрып қолданған кездері де болған» көрінеді.
– Сондай оқиғаның салдарынан бір дәрігер көзінен айырылған болатын. Полиция өкілдері кейде жабық нысандардың ішінде де, метро стансасында наразылардан басқа туристер мен қарапайым тұрғындардың болғанына қарамай, көзден жас ағызатын газ балонын қолданды, – дейді әлеуметтік желі қолданушының бірі.
Наразылар «бес ай ішінде полиция ереуілшілерді басу мақсатында бірнеше рет кәсібилікке жатпайтын әрекеттерге барып, қатыгез әдістер қолданды» дейді. Олар бұған биыл 22 шілдеге қараған түні Юэн Лонг (Yuen Long) станциясындағы оқиғаны мысалға келтіреді. Бейбіт шеруден қайтып келе жатқан наразыларға ақ киім киінген 100-ге тарта қаруланған ер адамдардан құралған бұзақылар тобы тосыннан шабуыл жасаған. 999 қауырт желісіне келіп түскен мыңдаған қоңырауларға қарамастан, полицейлер оқиға орнына гангстерлер кеткен соң ғана жеткен. Оқиға салдарынан 45 шақты ересектер мен балаларды, аяғы ауыр әйелдер мен қарттар зардап шеккен. Жергілікті және батыс баспасөзі полицияның азаматтарды қорғай алмауын қатаң сынаған еді.
Ал Ғалым Адамбаев «жуырда ғана Гонконг ғылым және технология университетінің студенті полиция қолынан қаза тапқанын» айтады. Сонымен бірге таяуда қабылданған жаңа ережеге сай кісі жиналған жерде (30-дан астам) бетперде тағуға тыйым салынған. Мұның себебі протест ұйымдастырушыларын тануға бақылау камерасына мүмкіндік жасау.
Үuen long метро стансасында бейбіт тұрғындарға жасалған шабуыл. 22 шілде 2019 жыл.
Гонконг политехникалық университетіндегі протест кезінде полицияның су бөрккіш көлігі. 17 қараша 2019 жыл. Фото: Miguel Candela/Анадолы агенттігі
Атышулы экстрадициялау туралы заң қайдан туды?
«Даудың басы тайвандық жігіттің жүкті жұбайын өлтіріп, Гонконгқа қашып келуінен басталған болатын» дейді Ғалым. Дүниежүзілік БАҚ-тар 19 жастағы гонконгтық Чэнь Тунцзя мен 20 жастағы бойжеткен Пун Хиу-Винь арасындағы махаббатпен басталып, «оқыс өліммен» аяқталған «романтикалық сапарын» жарыса жазды.
Былтыр ақпан айында әулие Валентина күніне орай көңіл жарастырған жұп Тайванға романтикалық сапарға аттанады. Тайпей қаласының Purple Garden Hotel қонақ үйіне тұрақтаған жастар арасында дау туып, керісіп қалады. Пунның өзінен емес, басқадан жүкті екенін естіген Чен құрбысына қол көтерген. Салдарынан «оқыста басымен құлаған» Пун оқиға орнында көз жұмған деседі.
- Тайван үкіметінің күдікті Ченді экстрадициялауын сұратқан талабын Гонконг билігі кері қайтарған. Мұны Гонконг адамның базалық құқықтарына қайшы келеді деп түсіндірді. Осы жағдайды желеу еткен Қытай үкіметі өзінің сұранымына сәйкес Гонконгтан кез келген азматты эксрадициялау туралы қолқа салды. Осылайша ел тұрғындарының еш пікірінсіз заң қабылдағанына наразы болған 2 миллион халық көшеге шықты, – дейді Ғалым Адамбаев.
Гонконг азаматтары Чэнь Тунцзя (жігіт) мен Пун Хиу-Винь (қыз). Фото: New York Times
Мінездеме: Гонконг жұрты қандай халық?
Айжанның пікірінше, «Гонконг тұрғындары, олардың шетелдіктерге қарым-қатынасы таңдандырмай қоймайды». Ол «мұншалық мейірбан әрі жанашыр, көпшіл жандарды өз басым әлі кездестіріп көрмеген». Гонконгта екінші жыл өмір сүріп жатқан кейіпкеріміз:
– Университетте бәрі үнемі өзара құрметпен қарайды әрі кез келген жағдайда қол ұшын созуға дайын. Гонконгтың жергілікті студенттері мен тұрғындары өзара немесе шетелдіктерге қарсы қандайда бір конфликтіге келгенін есіткен емеспін. Тіпті ереуіл кезінде наразылар ыңғайсыздық келтіргені үшін кешірім сұрап, шеру өтетінін ескертіп қана қоймай, қалың топтан тыс баруға кеңес беретін. Бірде аяғымды оқыс қайырып алдым, сол мезет наразылардың бірі келіп көмектескен еді, – дейді.
Сонда жүргеніне бес жылдан асқан Ғалым Адамбаев та жергілікті тұрғындардың доспейіл әрі әрдайым көмекке дайын екендігін айтады. Айжан Құрман "Шетелдік студент ретінде біз бәріміз аполитик әрі бейтарап болуға тырысамыз. Шынын айтқанда, наразылық толқуларының бізге ешқандай әсері болған жоқ. Қалада емін-еркін жүріп-тұрдық, күнделікті оқу, кітапхана-дүкен аралау тәрізді... бір нәрсе болып қалады-ау деген де үрей болмады" дейді.
Бүгінгі таңда қытайшыл ақпарат көздерінде гонконгтық демонстранттар батыстың не АҚШ-тың арандатуы деген насихат күш алуда. Бұл жайында Айжан «кейбіреулер айтып жүргендей гонконгтықтар радикал не террорист емес, олар жай ғана азаматтық ұстанымы берік, өз құқықтарының сақталуын, билікпен диалогқа келуді қалайтын белсенділер» деген ойда.
Оның ойынша, «Гонконг ең қауіпсіз жерлердің бірі болды және солай бола да береді».
Гонконг жастары.Фото: South China Morning Post
Отанға оралу – университеттер есігін жапқан күн
«Күні дүйсенбіге дейін бізде бәрі орынша еді. 11 қараша студенттер таңғы дәріске келген кезде ереуілшілер PolyU кампусына (Политехникалық университет) бекініп, оларды қуған полиция жаппай көз жасауратқыш газ пайдаланды», – деп, еске алды Айжан. Елшілік ұйымдастырған ҚР СІМ операциясымен елге жеткізілген қазақ қызы:
– Гонконг университеттерінде көптеген наразылықтар өтуінен бұл апта көпшілікке қиынға соқты. Мәселен, Гонконг қалалық университетінің (City University of Hong Kong) полиция бес айдағы 6000 газ балонның 1600-ін бір түнде қолданған. Көз жасаурататын газ студенттер жатақханасына дейін жеткен. PolyU-да газбен бірге су зеңбіректері мен кең диапазондағы акустикалық құрылғы қолдандылды, – дейді.
Наразылық білдірушілер Гонконг политехникалық университетінің кампусында отыр.18 қараша 2019 жыл. Фото: Anthony Wallace/AFP
Оқу жайы не болмақ?
Бұл туралы Айжан наразылық акциялары мен кампустардың бүлінуіне байланысты сегіз университеттің барлығы оффлайн оқуды тоқтатқанын айтады. «Кейбірі оқуын онлайн режиммен жалғастырып жатыр» екен. Гонконг политехникалық университеті (PolyU) онлайн оқытуға көшті. «Оқу процесі әдеттегідей жалғасуда, тапсырма-жобалар тапсырып, алдағы қорытынды емтихандарға дайындалудамыз» дейді ол. Онлайн платформа қолжетімді болғандықтан, оған оқуды қашықтықтан жалғастыру айтарлықтай қиындық тудырмаған. Ғалым Адамбаев «елге оралғандар қаңтарға дейін онлайн режимде оқуын жалғастырады, қаңтарда келіп емтихандарын тапсырады да келесі семестрге көшеді» дейді.
Гонконг тегеуіріні: Куәгерлер көзқарасы
Пікірін анонимді түрде жариялауын сұраған Ғалым наразылыққа екіұшты қарайды. Ол «бір жағынан соңына дейін табанды қарсыласуына қайран қалсақ, екінші жағынан қарапайым өмірде туындайтын ыңғайсыздықтар үшін қырын қарадық» дейді. Адамбаевтың айтуынша, «метро желілеріне, университет аумағына, маңызды жолайрықтарға келтірілген залалды олардың белсенді азаматтық позициясы емес, қарапайым вандализмнің көрінісі деп білетіндер де бар». Ғалым дүниежүзі көз тіккен Гонконг толқуына қатысты:
– Соған қарамастан, наразылардың талабының орынды екеніне еш күмән келтірмейміз, себебі Қытай тарапы Гонконг арнайы әкімшілік аумағының ішкі істеріне араласпаймыз деген келісіміне қарсы әрекет етуде. Бұл Біріккен Корольдік дәуірінен келе жатқан заңды жіті қадағалау дәстүріне берік гонконгтықтар үшін барып тұрған тәртіп бұзушылық, – деген пікірде.
Күрмеуі көп күрделі тақырыптың түрленген тәпсірі де аз емес. Айжан«менің көзқарасым, Гонконгта өткен әрі болып жатқан барлық оқиғалар, әуежайдағы наразылықтар мен кампус аумағындағы ұрыстар – бейбіт шерулердегі миллиондаған азаматтың талабын елемеудің салдарынан» деп санайды. Ғалым да жоғарыда аталған «себептердің қордалануы соңғы қақтығысқа әкелді» дейді. Ғалымның сөзінше, «Гонконг Бейжіңнен бөлінуді қалайды, бірақ Қытайдың алпауыт күшінің кесірінен бұған сенбейді».