Weekend

Шымкент туралы әндер: Әуен мен мәтін қала туралы не дейді?

Шымкент туралы әндер мен Шымқала туралы әншілердің пікірі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Бұл өмір бір-ақ рет беріледі, ал оны Шымкентте сүру керек". Бір жылдары бұл сөзді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан еді. Расында да, Шымкент пен шымкенттіктер туралы білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Өйткені шымкенттіктерді еліміздің әрбір өңірінен кездестіру – үйреншікті құбылыс әрі заңдылық. Мегаполис қатарына қосылған қаланың күннен күнге дамып, көркейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі күнде Шымқала туралы жырламаған ақын, оны әуенге қоспаған сазгер жоқ шығар?!

Әдеттегідей қала туралы әндердің барлығы бірдей тыңдарманның көңілінен шығып, сұранысқа ие бола қоймады. Алайда көпшілікке ұнап, "хит" болған әндер де жоқ емес. Олай болса Шымқала туралы жазылған әндерді назарларыңызға ұсынамыз.   

"Шымкент" әні. Бұл - композитор Айжігіт Асановтың қала туралы әні. Аталмыш ән қаланың әнұраны ретінде танылды. Әннің сөзін білмейтін шымкенттік жоқ шығар. Қала тұрғындары ең болмағанда әннің әуенін жатқа біледі. "Шымкент" әні "Мұнарлан" тобының әндер қоржынында. Бүгінгі таңда бұл ән тек мерекелік кештер мен концерттерде емес, тойларда да шырқалып жүр.

Әннің қайырмасындағы:

"Оңтүстіктің жүрегі,

Өнер, білім ордасы.

Қойнауыңда үнемі

Шаттық әні толғансын", - деген жолдардан өлең авторының Шымқалаға деген махаббаты мен адалдығын көруге болады.

"Жаса Шымкент" әні. Әнді Ерболат Ержанбаев орындайды. 2017 жылы жарыққа шыққан қала туралы кезекті әндердің бірі. Концерттік өлең деуге келмес, десе де, тойдың әні екені әннің ырғағынан білінеді. Шымкенттік тойлар бұл әнсіз өтпейтін де шығар, бәлкім. Әндегі бір ерекшелік - әрбір шумақтың соңында автор ойының "Шырайлы Шымқала ғой гүл Шымкент" деп аяқталғандағы. Бұл сол сөйлемге деген екпіннің түсуі немесе тыңдарманның назарын аудару үшін жасалған айла секілді. Әнде қонақжай шымкенттік Шымқалаға шақырады.

Бұл қалаға арналған сапалы әндер болса, келесілері Шымкент туралы жазылған әзіл-қалжың аралас әндер болмақ.

"Шымкенттің салқын сырасы" әні. Бұл әнді Бақытжан Ауданбаев пен сазгер Ержан Серікбаев жарыққа шығарды. Бір жылдары бұл ән, расында да, "хит" болды. "Шымкенттің салқын сырасы" әнін білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Әнді жұртшылық жылы қабылдады. Алайда бұл әнді сынап, "Шығаратын басқа ән табылмады ма?" дегендер де көп болды. Әзіл-қалжыңға құрылған бұл ән Шымкенттің ән әлеміне үлкен жаңалығымен келді.

"Зың, зың" әні. Бұл - 2017 жылы тыңдарманға клипімен бірге ұсынылған ерекше трэк. Орындаушылар - Zhonti feat NN-Beka. Трэктің әзіл ретінде жазылғаны көрініп-ақ тұр. Хайп қуған жастардың істейметіні жоқ қой негізінде. Орыс тілінде жазылған бұл ән Youtube желісінде бүгінгі күнге дейін 37 миллион қаралым, 28 мың пікір жинаған. Солардың ішінде "Қазақтар от қой. Қаншама әзілдер шығаруда. Құрметтеймін", "Сендер нағыз жұлдызсыңдар. Эстрададан көрінулерің керек. Сендерге шығармашылқ табыс тілеймін. Қазақстан, алға! " деген пікірлерден туындының біраз адамның көңілінен шыққанын байқауға болады.

Бұлардан басқа Шымқалаға арналған рэперлердің трэктері де бар.

"Шымкент". Бұл шымкенттік рэпер Madon-ның авторлық туындысы. Рэпте жүргеніне біршама уақыт болған рэпер Шымқалаға да бір трэк арнауды оң шешім деп қабылдаған. Әртүрлі әлеуметтік желілерге жарияланған бұл туынды қазақша рэп сүйер қауымның көңілінен шықты. 3 минут 24 секундтық өлеңнен рэпердің қала туралы ойын анық көруге болады. Трэкті тыңдасаңыз, ерекше күй кешесіз. Шамасы автордың сөздері, сөздерден құралған мәтін рух беретін секілді.

Шымкент қаласы туралы өнер адамдарының пікірі қандай?

Жұбаныш Жексенұлы: Шымкент-Шымкент деп қисық-қыңыр әңгіме айтатын адамдардың назарына! Міне, Шымкент. Міне, біздің оңтүстіктің жері. Басқа қай жерде осындай қызыл кілем, қызыл алқап болуы мүмкін? Тек қана Шымкентте! Оңтүсікте. Сондықтан, Шымкентті боларға да, болмасқа да қосып әңгіме айтуды қойыңыздар. Мінекей, Шымкент! Әдемілік, керемет, ғажап деген осы шығар. Жасасын біздің Шымкент!

Қайрат Нұртас: Шымқаланың мегаполистердің қатарына қосылғаны құтты болсын. Бүгінгі күнде бұл қаланы жақсы көрмейтін адам жоқтың қасы. Елбасымыздың өзі: "Адам баласы бір рет өмірге келеді. Сол өмірін Шымкентте өткізуі керек" – деп жай айтпаған шығар. Осы бір сөздің астарында қаншама мағына жатқан секілді. Мен Шымқаланы жақсы көремін.

Марат Омаров: Шымкент қаласы маған өте ыстық. Себебі бұл қалада туып өстім. Балалық, жастық шағым осы қалада өтті. Алдағы уақытта өнердің өркендеуіне өз үлесімізді қосу ойымызда бар.