Weekend

Елбасы - Елдің тұтқасы

Мерекелік іс-шара

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, сайлауда Н.Ә.Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Сол күннен бастап Н.Әбішұлы елдің өркендеуі мен дамуына күш жұмсап, талмай тер төкті. 

Жоғары Парламенттің бекітуімен 2012 жылы 1 желтоқсан Қазақстанда алғаш рет – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп, халық санасында мерейлі де айрықша күнге айналды. Осыған байланысты қарашаның 26-ыншы жұлдызында Елбасы білім алған Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында «Елбасы – Елдің тұтқасы» атты мерекелік кеш өтті. 

Кешке Қарасай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, «Тіл жанашыры», «Менің Президентім» кітаптарының авторы Ақлима Көсемова, Елбасының аға-тәлімгері Баубекова Альфия Багабиевна, Елбасы сыныптастары Едіге Исатұлы, Кеңесбай Бекдайырұлы, Рая Сиразитдинова, Галя Сергебайқызы, Куляш Амирова, Андаш Қаражанов, ардагер ұстаздар қатысып, белгілі ақын, Қарасай өлкетану-тарихи музейінің директоры Серік Қалиев, Дүниежүзілік түрік Ахыска одағының өкілі, Президенттің баспасөз хатшысы Ахметов Расул Сурмалиұлы қонақ болып қайтты. 

Мектеп директоры Әсем Аңсағанқызы мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты. Бишілер тобы ұлттық қазақ биін мың бұрала билеп, өнерлерін ортаға салса, 1-мамыр «Бірлік күніне» орай Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясында Елбасы алдына өнер көрсеткен оқушылар «Жан аға», бастауыш сынып оқушылары «Нұр аға», әншілер тобы «Ұлт көсемі» атты Елбасыға арналған әндерді орындады. 

Мектеп-гимназия оқушылары Н. Әбішұлының қара сөздерін, ардагер ұстаз Баян Әбдікәрімқызының жетекшілігімен «Ақындар мектебінің» шығармашыл жастары Елбасыға арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Мектеп ұстаздары Н.Ә. Назарбаевтың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Үшқоңыр» әнін шырқап, көрермендерге ерекше сезім сыйлады. Кеш соңында Едіге Исатұлы бастаған Елбасы сыныптастары оқушыларға жылы лебіздерін білдіріп, балалық шақтағы естеліктерімен бөлісті. 

Елбасының жастық шағы мен өмір жолы жайлы ой тербеп, сыныптастардың достығы жайлы сөз етілді. Рая Сиразитдинова мен Расул Сурмалиұлы мектеп кітапханасына бағалы кітаптар мен журналдар сыйлап, Кеңесбай Бекдайырұлы мен Едіге Исатұлы естелік суреттерді мектеп қабырғасына тарту етті. Альфия Багабиевна Елбасының сүйікті әндерін орындап, жиналған қауымның жүректерін елжіретті. Елбасы сыныптастарының әңгімесін ұйып тыңдаған оқушылар бұл кештен керемет әсер алып тарқасты.

Айсұлу Съезхан,

Абай атындағы орта

мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы